Түркістан облысы әкімдігі мен «AMANAT» партиясының қолдауымен, Отырар ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен «Отырардан бастау алған отты жыр» атты республикалық ақындар айтысы өтті.
Айтыс «Құрмет», «Парасат» ордендерінің және «Алтын домбыра» иегері, айтыскер ақын Бекарыс Шойбековтің 50 жас мерейтойына арналды.
Жыр додасының басты мақсаты – ұлттық өнерімізді дәріптеудің, жастарға өнеге көрсету және Отырардың бай рухани мұрасын насихаттау.
Іс-шара басталмас бұрын Мәдениет сарайы алдында мерейтой иесіне қазақтың ежелгі дәстүрі бойынша арғымақ ат мінгізіліп, иығына зерлі шапан жабылды. Отырар ауданының Құрметті азаматы Мырзахмет Темірбеков ақ батасын беріп, ізгі тілегін жеткізді.
Аламан айтыста қонақтар алдымен фойеде орналасқан айтыскер ақынның шығармашылығына арналған және суретші Әділхан Мәліктің туындыларынан құралған арнайы көрмені тамашалады.
Айтыстың ашылу салтанатында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев және Отырар ауданының әкімі Қайрат Жолдыбайұлы, аудандық мәслихат төрағасы Уалихан Ұзақов құттықтау сөз сөйлеп, мерейтой иесіне құрмет көрсетті.
Аламан айтысқа елімізге танымал сөз шеберлері – Нұрмат Мансұров, Серік Қуанған, Қалижан Білдәш, Қажымұқан Абзалов, Біржан Байтуов, Аспанбек Шұғатай, Шалқарбай Ізбасаров, Дидар Қами, Нұрмахан Жақыпбек пен жерлесіміз Дәурен Ақсақалов сынды айтыскер ақын қатысып, өзара бақ сынасты.
Ақындардың өнеріне Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық айтыс және жыршы-термешілер одағының төрағасы Жүрсін Ерман бастаған қазылар алқасы баға берді. Ал айтысты жүргізген белгілі айтыскер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Аманжол Әлтай өзінің шеберлігімен көрермен мен ақындар арасындағы байланысты күшейтіп, кештің мазмұнын тереңдете түсті.
Жыр додасының қорытындысы бойынша бас жүлдені Аспанбек Шұғатай иеленді. Ал І орынға Қалижан Білдәш қол жеткізсе, ІІ орынға Шалқарбай Ізбасаров пен Дидар Қами лайық деп танылды. ІІІ орынды Серік Қуанған мен Дәурен Ақсақалов еншіледі. Сонымен қатар байқауда бірқатар арнайы жүлделер де табысталды. «Мырзабек Байжанов» атындағы арнайы жүлде Нұрмахан Жақыпбекке, «Таушен Абуова» атындағы арнайы жүлде Нұрмат Мансұровқа, «Әселхан Қалыбекова» атындағы арнайы жүлде Біржан Байтуовқа және «Қаныбек Сарыбаев» атындағы арнайы жүлде Қажымұқан Абзаловқа табысталды.
Жауап қалдыру