
Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінде Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық қызметкерлері күніне арналған салтанатты іс-шара өтті.
Салтанатты іс-шарада Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев құттықтау сөз сөйледі.
Өз сөзінде министр тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтай келе, бұл сала ел азаматтарының күнделікті өмірінің ажырамас бөлігі екенін және қолайлы өмір сүру жағдайларын қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
«Сіздердің еңбектеріңіздің арқасында үйлерімізге су, жарық пен жылу келеді, аулалар мен көшелер абаттандырылады, тәртіп пен қолайлы орта сақталады. Бұл саладағы жұмыс тек білім мен тәжірибені ғана емес, сонымен қатар төзімділікті, тәртіптілікті, ұқыптылықты және өз ісіне деген шынайы адалдықты талап етеді», – деді Ерсайын Нағаспаев.
Министр сондай-ақ саланы дамытудың басым бағыттарын атады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, елде эергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғыртуға бағытталған Ұлттық жоба іске асырылуда. Бұл жоба коммуналдық қызметтердің сапасын, сенімділігін және қолжетімділігін арттыруға бағытталған.
Министрлік тарапынан су бұру және сумен жабдықтау желілерінің шамамен 8 мың шақырымын жаңғырту, сондай-ақ 45 кәріз-тазарту құрылысын салу жобаларын іске асыру көзделген.
Сонымен қатар 2023 жылдан бері елімізде жалпы сомасы 100 млрд теңгеден астам қаржыға шамамен 2,5 мың көппәтерлі тұрғын үй жөнделді. 2026 жылы тағы 650 үйге күрделі жөндеу жүргізу жоспарланып отыр.
Жүзеге асырылып жатқан шаралар нәтижесінде 2030 жылға қарай су құбыры желілерінің тозу деңгейін 33%-ға, ал кәріз жүйелерінің тозуын 41%-ға дейін төмендету көзделуде.
Іс-шара барысында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамытуға қосқан үлесі үшін сала қызметкерлерін марапаттау рәсімі өтті. Іс-шараға мемлекеттік органдар өкілдері, сала ардагерлері, ТКШ кәсіпорындарының қызметкерлері, сондай-ақ еліміздің барлық өңірлерінен келген мамандар қатысты.
Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі сала қызметкерлері мен ардагерлеріне кәсібилігі, еңбекке адалдығы және ел дамуына қосқан үлестері үшін алғыс білдіреді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mps/press/news/details/1202518?lang=kk

Жауап қалдыру