Қазанда мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Қазан, 2026 жылғы 21 сәуір – Қазақстан Республикасының Қазан қаласындағы Бас консулы Ерлан Ысқақов пен Татарстан Республикасының Мәдениет министрі Ирада Аюпованың кездесуі өтті.

Кездесу барысында тараптар қазақ-ресейлік қатынастар аясында Қазақстан мен Татарстанның мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығын дамыту мәселелерін талқылады.

Дипломат «Алтын Орда дала өркениетінің үлгісі ретінде: тарих, археология, мәдениет, бірегейлік» атты Халықаралық симпозиумға шақыру хатын табыстады. Симпозиум 2026 жылғы 19-20 мамырда Астана қаласында өткізілуі жоспарланған. Форум әртүрлі елдердің зерттеушілерін біріктіріп, бұл мемлекеттің Еуразияның мәдени кеңістігін қалыптастырудағы және түркі халықтарының бірегейлігін дамытудағы рөлін талқылайды. Мұндай іс-шаралар мәдениеттердің өзара баюына және гуманитарлық байланыстардың дамуына елеулі үлес қосады.

Мәдениет министрі шақыру үшін алғыс білдіріп, симпозиумға қатысатынын растады. Қазақ және татар халықтарының тарихи, мәдени және рухани жақындығын атап өтті. Қазақстанның мәдени синтез және тарихи мұра саласындағы күш-жігерін жоғары бағалады.

Сұхбат барысында Татарстанның шығармашылық ұжымдарының қатысуымен Қазақстанда өтетін Ресей мәдениеті күндерінің ауқымды күн тәртібі қаралды. Сондай-ақ тараптар «Россия – Ислам әлемі: KazanForum» халықаралық экономикалық форумы аясындағы Ислам ынтымақтастығы ұйымының мәдениет министрлері форумының мәселелерін, Шымкентте Сабантуй өткізуді, Qyzyljar Sabantui 2026 фестивалін және Петропавл қаласында татар ақыны Габдулла Тукайға бюст орнатуды, сондай-ақ Қазақстанның «Алтын минбар» халықаралық кинофестиваліне және «Фатима» халықаралық бірлескен киножобасына қатысуын талқылады.

Кездесу қорытындысы бойынша ынтымақтастықты жандандыру және мәдениеттер диалогын жалғастыру, күн тәртібінің барлық спектрі бойынша өзара іс-қимылды нығайту туралы келісімге қол жеткізілді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-kazan/press/news/details/1205752?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді