
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының алаңында мемлекет пен бизнестің өзара іс-қимылын нығайту мәселелеріне арналған «Ортақ Атамекен: Өңірден басталған өрлеу» атты форумы өтті.
Форумда Ұлттық экономика вице-министрі Ерлан Сағынаев баяндама жасады. Ол форумның мемлекеттік органдар, бизнес-қоғамдастық және сарапшылар арасындағы конструктивті диалог үшін тиімді алаңға айналғанын атап өтті. Оның айтуынша, бизнеспен жүйелі өзара іс-қимыл тұрақты экономикалық өсудің, инвестициялық тартымдылықты арттырудың және кәсіпкерлікті дамытудың негізгі факторы болып табылады.
Қазақстанда ҚР Үкіметі жанындағы Отандық кәсіпкерлер кеңесі, AMANAT партиясы жанындағы Үйлестіру кеңесі және Кәсіпкерлік қызметті реттеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия жанындағы сараптамалық топтарды қоса алғанда, тұрақты диалогтық тетіктер жұмыс істейді. 2022 жылдан бастап бұл алаңдарда бизнестің 631 проблемалық мәселесі қаралды.
Негізгі бағыттардың қатарында – артық және қайталанатын нормаларды жоюға және әкімшілік жүктемені азайтуға бағытталған бизнеске қойылатын міндетті талаптардың тізілімін қалыптастыру болып табылады. Реттеуші актілерге талдау жүргізіледі және жасанды интеллект технологияларын қолдану пысықталады.
Мемлекеттік қолдау бөлігінде 2025 жылы 365 млрд теңгеге 3 400-ге жуық жоба субсидияланды, «Өрлеу» бағдарламасы аясында 588 млрд теңгеге 2 300-ге жуық жоба қолдау тапты. Сондай-ақ, кепілдікті қолдау тетіктері іске асырылуда және ауылдық елді мекендер мен шағын қалаларда кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған «Іскер аймақ» бағдарламасы іске қосылды.
Ерлан Сағынаев баяндама соңында мемлекет пен бизнестің өзара іс-қимылын одан әрі күшейту және диалог алаңдары жұмысының тұрақты форматы елдегі кәсіпкерліктің тұрақты дамуын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін атап өтті.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/shymkent-ekonomika-karzhy/press/news/details/1207609?lang=kk

Жауап қалдыру