
Жамбыл облысының орталығы – Тараз қаласында екі күнге жоспарланған «Тараз – қолөнершілер қаласы» халықаралық фестивалі салтанатты түрде ашылды, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Тарих пен танымға толы тағылымды шараға облыс әкімі Ербол Қарашөкеев, ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев, Парламент Мәжілісінің депутаттары, сондай-ақ Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан елдерінен және еліміздің әр өңірінен келген қолөнершілер мен мәдениет жанашырлары қатысты.
Фестиваль «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешені аумағында өтті. Ақ шаңқан киіз үйлер тігіліп, алтыбақан құрылып, әуелеген ән мен күй шараның мазмұнын айшықтай түсті. Қонақтарды ақ жаулықты әжелер мен қос бұрымды қыздар ұлттық тағамдармен қарсы алып, қазақы қонақжайлықтың үлгісін көрсетті.
Облыс әкімі өз сөзінде фестивальдің мәдени байланыстарды нығайтып, ұлттық құндылықтарды дәріптеудегі маңызын атап өтті.
– Тараз – тек көне шаһар емес. Бұл – уақыттың таңбасын сақтаған, өркениеттер үнін жеткізген қасиетті мекен. Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан қала ғасырлар бойы түрлі мәдениеттерді тоғыстырып, өнер мен дәстүрдің алтын арқауына айналды. Сондықтан Тараз – шежіре, Тараз – тағылым, Тараз – рух, – деді Ербол Қарашөкеев.
Сонымен бірге өңір басшысы 2022 жылы қаланың дүниежүзілік қолөнершілер қалалары тізіміне енуі ұлттық өнердің халықаралық деңгейде мойындалғанының айқын дәлелі екенін жеткізді.
Өз кезегінде Мәлік Отарбаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан және фестивальді ұйымдастыруға атсалысқан бірқатар азаматты марапаттады.
– Бұл фестиваль – тек бір өңірдің емес, тұтас елдің рухани өміріндегі маңызды оқиға. Ол ғасырлар қойнауынан жеткен мұраларымызды жаңғыртып, ұлттық өнердің өрісін кеңейтеді. Қолөнерді дамыту – өткенді дәріптеп, болашаққа жол ашу. Бабалар аманатын заман талабына сай жалғастыру – бүгінгі ұрпақтың міндеті, – деді Президент кеңесшісі.
Сондай-ақ Мәжіліс депутаты Гүлдара Нұрым мен Дүниежүзілік қолөнершілер ұйымының мүшесі, «Қазақстан этнодизайнерлер одағы» қоғамдық бірлестігінің президенті Салтанат Жапарова сөз сөйлеп, ұлттық қолөнердің маңызына тоқталды.
Салтанатты ашылудан кейін қонақтар отандық және шетелдік шеберлердің туындыларымен танысты. Көрмеде зергерлік әшекейлер, киіз және жібек бұйымдар, былғарыдан жасалған белбеу мен әмияндар, ат әбзелдері, қыш және ағаштан жасалған ыдыстар, музыкалық аспаптар, сондай-ақ алаша, көрпе-жастықтар мен түрлі сәндік бұйымдар көпшілік назарына ұсынылды.
Өзбекстаннан келген қолөнерші Муклисамабо Мадарова фестивальдің жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті.
– Тараздықтардың қонақжайлылығы мен қолдауы ерекше әсер қалдырды. Ұлттық нақыштағы бұйымдарымызға қызығушылық жоғары, – деді ол.
– Тараз – тарихи қала, туристер көп келетін өңір. Сондықтан мұндай ауқымды шараның өтуі – заңдылық. Пышақ жасау – біздің жеті атадан жалғасып келе жатқан ата кәсіп. Барлық бұйымды қолмен жасаймыз. Саптарына бұғы мен марал мүйізін, сондай-ақ жеміс ағаштарын қолданамыз. Пышақтың күрделілігіне қарай, оны жасауға бір күннен бір аптаға дейін уақыт кетеді. Өзіміздің арнайы шеберханамыз бар, – деді Тәжікстан Республикасынан келген Ихтиёр Мирзоев.
Халықаралық деңгейдегі іс-шара ертең де өз жалғасын табады: 2026 жылғы 24 сәуірде қолөнершілер жәрмеңкесі өтіп, ағаш, былғары өңдеу, жүн басу және өзге де қолөнер түрлері бойынша шеберлік сабақтары ұйымдастырылады, сондай-ақ көне шаһар – Тараздың туристік нысандарына экскурсиялар жүргізіледі.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-shu/press/news/details/1207704?lang=kk

Жауап қалдыру