Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер электоралды салада жалған ақпаратқа қарсы күш-жігерін біріктіруде

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясында Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттердің орталық сайлау органдарының Консультативтік платформасы аясындағы Сайлау процесіне дипфейктердің ықпалын төмендету мәселелері бойынша жұмыс тобының алғашқы онлайнотырысы өтті.

Отырысқа Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия елдерінің сайлау органдарының өкілдері, сондай-ақ Қазақстанның бейінді мемлекеттік және сарапшылық ұйымдарының өкілдері қатысты.

Отырысты аша отырып, ҚР ОСК мүшесі, Жұмыс тобының төрағасы Ләззат Сүйіндік электоралдық процестер үшін ақпараттық тәуекелдердің артып келе жатқанын атап өтті: «Жасанды интеллекттің қарқынды дамуы жағдайында жалған ақпарат электоралдық қауіпсіздіктің маңызды факторына айналуда. Негізгі міндет – оны анықтаумен ғана шектелмей, ықпалын уақтылы төмендету, сонымен қатар азаматтардың сенімді ақпаратқа қол жеткізуін қамтамасыз ету және жедел әрекет ету тетіктерін қалыптастыру».

Қатысушылар сайлау науқанына қатысушылардың адал тәртіп стандарттарын бекітуден бастап синтетикалық контентті міндетті түрде таңбалауға және ақпараттық ортаға ең қауіпті араласу түрлерін шектеуге дейін түрлеріндегі әлемде қолданылып жатқан тәсілдерді қарастырды. Ең жоғары тиімділік алдын-алу және жедел шараларды кешенді түрде үйлестіру арқылы қамтамасыз етілетіні атап өтілді.

Отырыс барысында елімізде жүзеге асырылып жатқан цифрландыру саясаты туралы ақпарат ұсынылды. Жасанды интеллектті дамыту мемлекеттің стратегиялық басымдықтарының бірі ретінде айқындалып, оның ішінде 2026 жылғы 15 наурызда өткен республикалық референдумда қабылданған жаңа Конституцияда да тиісті нормалармен бекітілген. Сонымен қатар дербес деректерді қорғау, азаматтардың цифрлық құқықтарын қамтамасыз ету және цифрлық трансформацияны басқарудың орнықты институционалдық жүйесін қалыптастыру мәселелеріне ерекше назар аударылуда.

Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимылдың тәжірибелік іс-шараларына жеке тақырып арналды. Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің Ақпараттық-үйлестіру орталығының басшысы Руслан Бекарсланов республикалық референдум өткізу кезеңінде ақпараттық бұрмалауға ден қою тәжірибесін таныстырды.

«Талдау және ақпарат орталығы» РМК директоры Михаил Комиссаров цифрлық ортадағы деструктивті контентті мониторингтеу және анықтау құралдарына арналған баяндама жасады.

Сондай-ақ электоралдық процестерде жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл және жасанды интеллектті реттеу бойынша ұлттық тәсілдер ұсынылды.

Қырғыз Республикасының Сайлау және референдум өткізу жөніндегі орталық комиссиясының мүшесі Узарбек Жылкыбаев ақпараттық дауларды сотқа дейін реттеу тетіктері және 74 азаматтық білім беру орталығының жұмысы туралы баяндады.

Түркия Республикасының Жоғары сайлау кеңесінің бас директоры Юсуф Шафақ (Yusuf Şafak) Президент жанынан құрылған институционалдық топ пен жалған ақпаратқа қарсы заңнамалық негіздің бар екенін атап өтті.

Өзбекстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының тұрақты мүшесі Гюльноза Рахимова сайлауалды үгіт барысында жасанды интеллектті пайдалану қағидалары жөнінде хабардар етті.

Отырыс қорытындысы бойынша тараптар электоралдық саладағы жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл бағытында ынтымақтастықты одан әрі дамытуға және күш-жігерді үйлестіруге өзара мүдделілігін растады. Жұмыс сайлау процестерінің ашықтығын арттыруға, қоғамның сенімін нығайтуға және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша келісілген тәсілдерді қалыптастыруға бағытталатын болады.

Анықтама үшін: Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттердің орталық сайлау органдарының Консультативтік платформасын құру бастамасын Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылғы 3 қарашада Астанада өткен X саммитте ұсынған болатын. Бастама барлық мүше мемлекеттер тарапынан қолдау тауып, 2024 жылғы 6 қарашада өткен ТМҰ-ның XI саммитінің Бішкек декларациясында бекітілді.

Платформаның алғашқы отырысы 2025 жылғы 14 мамырда Түркістан қаласында өтті. 2025 жылғы 28 қарашада Бішкекте өткен жұмыс отырысында Сайлау процесіне дипфейктердің ықпалын төмендету мәселелері бойынша жұмыс тобын құру туралы шешім қабылданды. Оның негізгі міндеттері тәуекелдерді мониторингтеу және бағалау, әрекет ету тетіктерін әзірлеу, сондай-ақ ТМҰ елдерінің сайлау органдары арасында жедел ақпарат алмасуды қамтамасыз ету.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/election/press/news/details/1212776?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді