
Конституция алаңында өткен мерекелік шара мәдени әртүрлілік пен бірліктің жарқын көрінісіне айналды. Сахнада оқушылар сарайының, музыкалық колледждің және Достық үйінің шығармашылық ұжымдары өнер көрсетті. Әлемдік хит әуендерді қазақ домбырасының ерекше үнімен үйлестірген Made in KZ тобының «Тау ішінде» композициясы көрермендердің ерекше ықыласына ие болды.
Мерекелік бағдарлама TABRIZ, «Рэтро» ансамблі және музыкалық колледждің скрипкашылар ансамблінің «Менің үйім» композициясымен жалғасты. Сондай-ақ сахнада «RUH» этно-тобы, «Әл-Әки» ансамблі, «Тұмар» балалар ұжымы және «5ASYL» ансамблі өнер көрсетіп, «Қара жорға» ұлттық биін орындады.
Алаңда тігілген тақырыптық киіз үйлер қонақтардың ерекше назарын аударды. Бірінші киіз үйде Г. Потанин атындағы Павлодар облыстық тарихи-өлкетану музейі «Халықтар мәдениеті – ортақ мұра» көрмесін ұсынып, онда түрлі этностардың ұлттық киімдері мен дәстүрлі бұйымдары таныстырылды.
Екінші киіз үйде келушілер «Әуендер әлемі: халықтар үндестігі» атты көрмемен танысты, онда әртүрлі халықтардың музыкалық аспаптары қойылды. Келушілер сыбызғы, балалайка, гармонь, тамра, сылдырмақ, қурай, бандура сияқты аспаптарды көріп, танысу мүмкіндігіне ие болды. Сонымен қатар экспозицияда Қазақстан халқы Ассамблеясына қатысты материалдар да ұсынылды.
С. Торайғыров атындағы облыстық кітапхана дайындаған «Абай әлемі: бірлік пен даналық» жобасы қонақтарға Абай Құнанбайұлының мұрасын жаңаша қырынан таныстырды. Келушілер «Қара сөздермен» әртүрлі мәдениеттер тұрғысынан танысып, шығармаларды QR-код арқылы жүктей алды. Киіз үйдің жанында орналасқан «Даналық ағашында» түрлі этнос өкілдері өз тілдерінде үзінділер оқыды. Сондай-ақ Абай шығармаларының әртүрлі тілдерде жарық көрген кітап көрмесі ұйымдастырылды.
Бағдарламаның театрлық бөлігінде Ж. Аймауытов атындағы музыкалық-драма театрының «Махаббат – мәңгі ертегі» атты лирикалық кеші және А. Чехов атындағы драма театрының «Әдеби кеш» иммерсивті жобасы ұсынылды.
Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған мерекелік іс-шаралар облыстың барлық қалалары мен аудандарында кең ауқымды түрде өтті.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/pavlodar/press/news/details/1213142?lang=kk

Жауап қалдыру