Қонаевтағы екі ауылда ауыз су мәселесі шешімін тапты

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Қонаев қаласына қарасты Шеңгелді ауылдық округінің Кербұлақ және Сарыбұлақ ауылдарында жылдар бойы тұрғындарды алаңдатқан ауыз су мәселесі оң шешімін тапты. Енді бұл елдімекендерде су қысымы айтарлықтай көтеріліп, халықтың күнделікті тұрмысындағы ең өзекті түйткілдердің бірі жойылды.

Осыған дейін ауыл тұрғындары әсіресе жаз мезгілінде су тапшылығын қатты сезінетін. Күн ысыған уақытта бау-бақша суару, мал-жанға қарау, үй шаруасына қажеттілік артқан сайын орталық жүйедегі су қысымы күрт төмендеп, кей үйлерге су мүлде жетпей қалатын.

Аталған екі ауылда бүгінде 437 абонент тіркелген. Бұған дейін елдімекендер 300 текше метрлік резервуар арқылы ғана сумен қамтылып келген. Алайда тұтыну көлемі артқан сайын бұл қуат жеткіліксіз болды. Осыған байланысты қосымша 25 текше метр су жинайтын су мұнаралары орнатылып, жүйеге қосылды.

Мамандардың айтуынша, су мұнарасы су жүйесіндегі қысымды тұрақты ұстап тұратын маңызды инженерлік құрылғы саналады. Мұнара биікте орналасқандықтан, жиналған су төменге табиғи қысыммен таралады. Соның арқасында су тек орталық көшелерге емес, ең шеткі үйлерге дейін бірқалыпты жетеді.

Өзгерісті тұрғындар да бірден байқаған.

«Су мұнарасы іске қосылғанына үш күннен асты. Қазірдің өзінде айырмашылық анық сезіледі. Бұрын кей уақытта су жіңішкеріп, кейде мүлде тоқтап қалатын. Қазір қысым әлдеқайда жақсы. Енді алаңсыз көкөніс егіп, жеміс-жидек суарып, күнделікті тірлігімізді жасайтын болдық», – дейді Сарыбұлақ ауылының тұрғыны Қуаныш.

Шеңгелді ауылдық округі әкімінің орынбасары Жандос Манеевтің айтуынша, мәселе ұзақ уақыт бақылауда болып, тұрғындардың өтініші негізінде шешілген.

«Мұнымен жұмыс тоқтамайды. Қонаев қаласының Кешенді даму жоспарына сәйкес, алдағы уақытта Кербұлақ, Сарыбұлақ, Шеңгелді және Ақөзек елдімекендеріндегі су құбырлары толық жаңартылады. Жобалық-сметалық құжаттары дайындалып, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған», – деді ол.

Соңғы жылдары Шеңгелді ауылдық округінде инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде. Былтыр бес ауылға жаңа жол төселсе, биыл тіршілік нәріне қатысты түйткіл тарқатылды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl-qonaev/press/news/details/1214297?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді