«Қыз Жібектің» Жібегі Ойыл төрінде: Меруерт Өтекешовамен әсерлі кездесу өтті

Жарияланды:

Автор:

категорияда

 

Ақтөбе облысының Ойыл ауданында қазақ кино өнерінің аңызына айналған Меруерт Өтекешовамен тағылымды кездесу кеші өтті. Ұлттық рух пен мәдени мұраны дәріптеген шараға аудан тұрғындары, өнерсүйер қауым және жастар көп жиналды.

Кездесудің басты ерекшелігі — қазақ киносының алтын қорына енген Қыз Жібек фильмінің тарихи маңызы мен ондағы Жібек бейнесін сомдаған актрисаның шығармашылық жолын жас буынға насихаттау болды.

Құрметті қонақты ойылдықтар қазақы дәстүрмен ерекше қарсы алды. Аудандық мәдениет үйінің алдында келіндер сәлем салып, жастар гүл шоқтарын табыстады. Бұл көрініс көпшілікке ұлттық тәрбиенің көркем үлгісіндей әсер қалдырды.

Кеш басталмас бұрын мәдениет үйінің фойесінде халықтық «Өлке сазы» фольклорлық ансамблі күмбірлеген күй орындап, қонақтарға ұлттық атмосфера сыйлады. Сонымен қатар, актрисаның өнердегі жолына арналған фотокөрме мен «Ойылдың жеті кереметі» атты арнайы көрме ұйымдастырылып, ауданның тарихи-мәдени келбеті таныстырылды.

Шара барысында экраннан Қыз Жібек фильмінен арнайы бейнеролик көрсетіліп, туындының қазақ руханиятындағы орны кеңінен әңгімеленді. Көрермендер фильмнің түсірілу тарихына қатысты қызықты деректерге қанықты.

Кештің негізгі бөлімінде Меруерт Өтекешова көрермендермен еркін форматта сұхбат құрды. Актриса киноға қалай келгенін, Жібек рөліне іріктеу сәттерін және фильм түсіріліміндегі естеліктерін бөлісті. Сондай-ақ, ол жастарды ұлттық өнерді құрметтеуге, қазақ мәдениетін бағалауға шақырды.

Кездесу кешінде арнайы қонақтар да сөз сөйлеп, актрисаның қазақ мәдениеті мен кино өнеріне қосқан үлесін ерекше атап өтті. Атап айтқанда, Күлпаршын Айдарханова, Жұлдыз Қожабекова, ауыл ақсақалы Ғазиз Займолдин және аудан әкімінің орынбасары Саян Сүлеймен ізгі тілектерін жеткізді.

Рухани мазмұны терең кеш қазақ киносының алтын дәуірін еске салып қана қоймай, ұлттық өнерге деген құрметті арттырған мәдени оқиға ретінде есте қалды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/1220530?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді