
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ауданымызда өндірісті дамыту, инвестиция тарту және жаңа жұмыс орындарын ашу бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Осы бағыттағы маңызды жобалардың бірі – аудан орталығында орналасқан «Темірлан» өндірістік паркі.
Жалпы аумағы 10,5 гектарды құрайтын өндірістік парк аумағында кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасау мақсатында қажетті инфрақұрылым жүйелері толық жүргізілген. Атап айтқанда, электр энергиясы мен ауыз су желілері тартылып, аумаққа асфальт төсеу жұмыстары атқарылған.
Жобаның алғашқы кезеңінде жалпы көлемі 2400 шаршы метр болатын 5 өндірістік ғимараттың құрылысы аяқталды. Әр өндірістік ангардың көлемі – 480 шаршы метр.
Қазіргі таңда өндірістік парк аумағында жалпы құны 2,3 млрд теңгені құрайтын 5 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Аталған жобаларды алдағы уақытта іске қосу нәтижесінде 63 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарлануда.
Атап айтқанда: «ALMEN GROUP» ЖШС – тәулігіне 5 тонна кір жуғыш ұнтақ өндіру, «ҚАРАБАТЫР АГРО» ЖШС – металл бұйымдарын, оның ішінде шеге мен сым өнімдерін шығару, «ASIA ENERGY Co» ЖШС – күн панельдеріне арналған бөлшектер өндіру, «Faced Company» ЖШС – шыны өнімдерін шығару, «Ақназар» ЖК – жартылай фабрикаттар, гидропоника және құрама жем өндірісі жобаларын іске асыруда.
Бүгін аудан әкімі Азат Оралбаев өндірістік парк аумағында кәсіпкерлермен кездесіп, жүзеге асырылып жатқан жобалардың барысымен танысты. Кездесу барысында кәсіпкерлердің ұсыныс-пікірлері тыңдап, жобаларды сапалы әрі уақытылы іске асыру бойынша тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар берді.
Ордабасы ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-ordabin-audany/press/news/details/1221649?lang=kk

Жауап қалдыру