АУДАН ӘКІМІНІҢ ХАЛЫҚПЕН КЕЗДЕСУІ ШҰБАР АУЫЛЫНАН БАСТАЛДЫ

Жарияланды:

Автор:

категорияда

✔️Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында аудан әкімдерінің халықпен есепті кездесулері бастау алды. Осыған сәйкес, аудан әкімі Азат Оралбаев бүгін Шұбар ауыл округінің тұрғындарымен кездесіп, атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар жөнінде баяндады.
✔️Кездесу барысында аудан басшысы өткен жиындарда тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелердің назардан тыс қалмағанын айтып, олардың кезең-кезеңімен шешімін тауып жатқанын жеткізді.
— Алдыңғы кездесулерде тұрғындар тарапынан инфрақұрылым, ауыз су, жол, интернет және электр жүйесіне қатысты бірқатар ұсыныстар айтылған болатын. Қазіргі таңда бұл мәселелер бақылауға алынып, тиісті жұмыстар жүргізілуде, — деді аудан әкімі.
Бүгінгі жиында Шұбар ауыл округінде атқарылған жұмыстар кеңінен таныстырылды. Ауыл шаруашылығы саласы бойынша «Қозыке» каналының 6 шақырымы мен «Бағлан» каналының 3 шақырымы механикалық тазалаудан өткен. Сонымен қатар, «Аққойлы» каналының бас су тоспасына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, биыл «Шұбар-Қайшылы» және «Аққойлы» каналдарын механикалық тазалау жоспарланғаны айтылды.
✔️Инфрақұрылымды дамыту бағытында да бірқатар жұмыстар қолға алынған. Атап айтқанда, Шұбар ауылындағы Сағырбаев көшесіне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Тоқсансай ауылына баратын жол жөндеуден өтіп, төрт ауылдағы жалпы ұзындығы 3,6 шақырым көшеге демеушілер есебінен тас төсеу жұмыстары толық аяқталған.
Газдандыру саласы бойынша Аққойлы ауылында құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Аталған жоба биыл пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.
✔️Ауыл округінде абаттандыру жұмыстары да қарқын алған. Қазақстан және Райымбек көшелерінде аяқжол салынып, спорт және балалар ойын алаңшаларын салу мәселесіне ерекше көңіл бөлінген. Сонымен қатар, кәсіпкерлік пен ауыл шаруашылығы салаларын дамыту бағытындағы жұмыстар да баяндалды.
✔️Кездесу барысында тұрғындар инфрақұрылым, көше жарығы, ауыз су қысымының төмендігі және ауыл округіне қарасты бірқатар елді мекендерге қоғамдық көлік жүргізу мәселелерін көтерді. Аудан әкімі аталған мәселелерді шешу үшін бюджеттен қаржы қарастыруға белгілі бір уақыт қажет екенін айтып, барлық ұсыныстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылатынын жеткізді.
✔️Кездесуден кейін аудан әкімі ауыл ішіндегі көше жолдары мен аяқжолдарды аралап көріп, жауапты бөлім басшылары мен мекеме өкілдеріне нақты тапсырмалар жүктеді. Әсіресе, ауыз су мәселесіне қатысты ауыл әкімі мен сала мамандарына тиісті міндеттер тапсырылды.
Ордабасы ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-ordabin-audany/press/news/details/1223839?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді