
Тараз қаласында ҚР ІІМ Ұлттық ұланының құрама оркестрі алғаш рет музыкалық туындыларға жасанды интеллект элементтері енгізілген концерт өткізді. «Жайна, Таразым!» атты шығармашылық кеш Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай ұйымдастырылды.
Концерт әскери дирижерлердің 5513 әскери бөлімінің базасындағы үш күндік оқу-әдістемелік жиыны аясында өтті.
Жамбыл облысында өткен іс-шараға еліміздің әр өңірінен келген Ұлттық ұланның 20 әскери оркестр жетекшілері жиналды.
Олар бірнеше күн бойы біліктілігін арттырып, тәжірибе алмасып, әскери музыканы дамытудағы заманауи үрдістермен танысты.
Іс-шараның негізгі жаңалығы – бірқатар музыкалық шығармаларды әзірлеу мен өңдеуде жасанды интеллектті пайдалану.
Бұл тәсіл танымал туындылардың дыбысталуын басқа қырынан ашты, сондай-ақ олардың көркемдік құндылығы мен ұлттық нақышын сақтай отырып, жаңаша үн сыйлады.
Бағдарламада «Керней», «Жайна, Жамбыл», «Ана туралы жыр» және «Қазақ ұланы» шығармалары орындалды. Әскери оркестрдің кәсіби орындауы мен заманауи технологиялардың үйлесімі туындыларға жаңа реңк беріп, көрермен тарапынан жоғары бағаланды.
«Жайна, Таразым!» концерті әскери музыкалық мәдениет пен жаңа технологиялардың өзара үндестігінің жарқын көрінісіне айналды.
ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kvv/press/news/details/1224913?lang=ru

Жауап қалдыру