Павлодарлық 8-сынып оқушысы алғашқы өлеңдер жинағын жарыққа шығарды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Павлодар қаласындағы №47 жалпы орта білім беру мектебі қабырғасында ерекше рухани кеш өтіп, 8-сынып оқушысы, жас ақын Ғибадатова Аружанның «Шабыттың тылсым тынысы» атты тұңғыш өлеңдер жинағының салтанатты тұсаукесері өтті.

Аружан өлең жазуды 12 жасынан бастап қолға алған. Сол уақыттан бері қағаз бетіне түскен әр шумақ оның жан дүниесінің үніндей өріліп келеді. Бүгінде сол ізденістің нәтижесі ретінде 60-тан астам туындыны қамтыған «Шабыттың тылсым тынысы» атты тұңғыш жинағы жарық көріп отыр.

Жинақтағы өлеңдердің тақырыптық аясы кең. Жас ақын туған жерге деген перзенттік махаббатты «Туған қалам – Павлодар» өлеңінде тебірене жырласа, «Сүйікті менің мектебім», «Ұстазым менің – асыл жаным» туындыларында білім ордасы мен ұстазға деген құрмет сезімін шынайы жеткізеді. Ал «Әлихан – Алаштың ұраны», «Ұлт ұстазы – Ахмет», «Жырдың жарық жұлдызы – Мағжан» секілді шығармалары арқылы қазақ руханиятының алып тұлғаларына тағзым етеді. Бұл — жасөспірім ақынның ұлттық тарих пен әдеби мұраға бейжай қарамайтынын аңғартатын маңызды белгі.

Әсіресе, «Анашыма алғыс» өлеңіндегі аналық мейірімге деген сағыныш пен құрмет оқырман көңіліне ерекше әсер қалдырады. Ал «Махаббаттың ақыны – Тұманбай Молдағалиев» туындысы арқылы Аружан қазақ поэзиясындағы сыршыл лириканың табиғатын жас жүрегімен сезіне алғанын байқатады.

Кеш барысында мектеп басшысы Ләйлә Жүсіпова сөз сөйлеп, жас ақынды алғашқы кітабының жарық көруімен құттықтады. Ол өз сөзінде Аружанның ізденімпаздығы мен шығармашылық қабілетіне тоқталып, жас таланттың болашағына зор сенім білдірді. Сонымен қатар, оқушының бойындағы әдебиетке деген сүйіспеншілікті қалыптастыруда отбасы мен ұстаздардың еңбегі ерекше екенін атап өтті.

Аружанның ұстаздары да шәкірттеріне жүрекжарды лебіздерін арнап, оның мектеп қабырғасынан-ақ поэзияға деген ынтасы мен ерекше талантын байқап жүргендерін айтты. Олар жас ақынның әр өлеңінен терең ой мен ұлттық рухтың лебін сезінетіндерін жеткізіп, шығармашылық жолына сәттілік тіледі. Аружанның сыныптастары Сайпиден Айлана мен Мейзамова Айнель жас ақынның өлеңдерін мәнерлеп оқып, жыр кешінің мазмұнын аша түсті.

«Шабыттың тылсым тынысы» — тек жас ақынның алғашқы жинағы емес. Бұл — жас жүректің өмірге, туған елге, әдебиетке деген шынайы махаббатының көрінісі. Ал әдебиетке адалдықпен жасалған алғашқы қадамның болашағы қашанда үміт сыйлайды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/pavlodar-edu/press/news/details/1225775?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді