Жас түлек. Жаңа қадам. Жарқын болашақ

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Бүгін «Алтын белгі» иегерлеріне арналған «Жас түлек. Жаңа қадам. Жарқын болашақ» атты салтанатты шарасы өтті.

Салтанатты шараға аудан әкімі Мұрат Сердалин қатысып, мектеп бітіруші түлектерді маңызды белеспен құттықтады. Өз сөзінде аудан басшысы биыл ауданның 44 білім беру ұйымында 6284 оқушы оқу жылын аяқтағанын атап өтті. Оның ішінде 421 оқушы мектеп бітіруші түлек болса, 39 түлек «Алтын белгі» иегері атанып, 26 түлек «Үздік аттестатқа» ие болғанын жеткізді.

Аудан әкімі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жастарға артқан зор сеніміне тоқталып, бүгінгі түлектердің жетістігі – еліміздің жарқын болашағы мен тұрақты дамуының кепілі екенін атап өтті. Сонымен қатар аудан оқушыларының облыстық және республикалық деңгейдегі олимпиадаларда, ғылыми жобалар конкурстарында, зияткерлік және шығармашылық байқауларда жоғары нәтижелер көрсетіп жүргеніне ерекше назар аударды.

Шара барысында жоғары оқу жетістіктерін көрсеткен «Алтын белгі» иегерлеріне арнайы төсбелгілері мен аттестаттары салтанатты түрде табысталды. Сондай-ақ, балаларының білім мен тәрбие жолындағы жетістіктеріне зор үлес қосқан ата-аналарға аудан әкімінің Алғыс хаттары тапсырылды.

Мерекелік кештің шымылдығын Ораз Исаев атындағы жалпы орта білім беретін мектебінің түлегі Ескендір Дайырқұлдың ата-анасымен бірге орындаған «Ұстазым» әні ашты.

Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі, еңбек ардагері Дәулетжан Жақсыбаев, Ыбырай Алтынсарин атындағы жалпы орта білім беретін мектебінің директоры Бағдагүл Ізбасарова және ата-аналар атынан Шоқан Мұсағалиев сөз сөйлеп, түлектерге ақ жол тілеп, ізгі лебіздерін жеткізді. Түлектер атынан сөз алған Абай атындағы мектеп-гимназиясының түлегі, «Алтын белгі» иегері Сабрина Махмет ұстаздарына, ата-аналарына және өзіне қолдау көрсеткен барша жандарға алғысын білдіріп, ізгі тілегін арнады.

Салтанатты шара әсерлі концерттік бағдарламамен қорытындыланып, үлкен өмірге қадам басқан жас түлектерге ақжолтай тілектер айтылды.

Жас түлектерге жарқын болашақ, толағай табыс пен сәттілік тілейміз.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/bko-akzhaik/press/news/details/1243348?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді