
Абай облысы Жаңасемей ауданының Жаңа Жол ауылы тұрғындарының ортақ шешімімен қоғам үшін маңызды әрі тағылымды қадам жасалды. Ауыл ресми түрде «ішімдіксіз ауыл» мәртебесін алып, салауатты өмір салтын таңдаған өңір ретінде жаңа белеске көтерілді.
Бұл бастама – жай ғана әкімшілік шешім емес, ол ауыл халқының ішкі бірлігін, жауапкершілігін және болашақ ұрпақ алдындағы адалдығын айқындайтын рухани таңдау. 17 аула мен 75 тұрғын бір ауыздан келісімге келіп, зиянды әдеттерден бас тарту арқылы ортақ құндылықты нығайтты.
Осы игі іске қолдау білдіргендердің қатарында құқық қорғау органдары да бар. Учаскелік полиция инспекторы майор Муслимов Серікхан Маратович ауыл тұрғындарымен өткен кездесулердің бірінде былай деген еді:
«Қоғамның қауіпсіздігі тек заңмен ғана емес, әрбір азаматтың саналы таңдауымен қалыптасады. Егер ауыл болып бір мақсатқа бірігетін болса, құқық бұзушылық та, зиянды әдеттер де азаяды. Жаңа жол тұрғындарының бұл бастамасы – басқа елді мекендерге үлгі болатын жақсы тәжірибе» – деп атап өткен болатын.
Новобаженово ауылдық округінің әкімі Кәріпжанов Дархан Мұратұлы да бұл қадамды жоғары бағалап, оның ауылдың әлеуметтік дамуына серпін беретінін жеткізді. Оның айтуынша, мұндай бастамалар тек тәртіпті күшейтіп қана қоймай, қоғамдық сенім мен өзара сыйластықты да арттырады.
Бүгінде Жаңа Жол ауылы жаңа бағытқа бет бұрған, ортақ мақсат пен түсіністікке негізделген қоғамның жарқын үлгісіне айналып келеді. Мұнда салауатты өмір салты тек қағида емес, күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналған.
Бұл ауылдың таңдауы – бірлік пен жауапкершіліктің, таза болашаққа деген сенімнің нақты көрінісі.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-abay/press/news/details/1244536?lang=ru

Жауап қалдыру