Төлеби ауданында Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы және «Заң және тәртіп» қағидатын іске асыру аясында қоғамдық тәртіп пен санитарлық тазалық талаптарының сақталуын бақылауға бағытталған кезекті рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылды.
Іс-шара барысында құрылған мобильді топ аудан аумағындағы саябақтарды, скверлерді, өзен-көл жағалауларын, демалыс орындарын және тұрғындар көп шоғырланатын қоғамдық кеңістіктерді аралап, тазалық талаптарының сақталуына бақылау жүргізді. Нәтижесінде белгіленген талаптарды бұзудың 5 фактісі анықталды.
Анықталған құқық бұзушылықтар бойынша Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-2-бабы негізінде 2 әкімшілік хаттама, ал 505-бабы бойынша 3 әкімшілік хаттама рәсімделді. Құқық бұзушылар заң талаптарына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылып, жалпы сомасы 428 600 теңге көлемінде айыппұл салынды.
Рейдтік-профилактикалық іс-шаралардың басты мақсаты – тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттыру, қоғамдық орындарда тазалық пен тәртіпті сақтауға деген жауапкершілігін күшейту, сондай-ақ құқық бұзушылықтардың алдын алу.
«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы мұндай жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасады. Аудан тұрғындары арасында қоршаған ортаны қорғау, қоғамдық тәртіпті сақтау және тазалық мәдениетін қалыптастыру бағытындағы түсіндіру іс-шаралары тұрақты түрде жүргізілетін болады.
Тазалық – әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі. Табиғатты аялау мен қоғамдық тәртіпті сақтау – өркениетті қоғамның басты белгісі.
Жауап қалдыру