
«Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында Келес ауданында «Таза аула», «Таза көше» атты ауқымды санитарлық тазалық шарасы басталды. Бүгіннен қолға алынған акция үш күн бойы жалғасып, аудан аумағындағы елді мекендердің тазалығы мен абаттандыру жұмыстарын күшейтуге бағытталған.
Акцияның алғашқы күніне коммуналдық мекемелердің қызметкерлері, бюджеттік ұйымдардың ұжымдары және аудан тұрғындары белсенді қатысып, жалпы 600-ге жуық адам жұмылдырылды. Қатысушылар көшелерді, қоғамдық орындарды, саябақтар мен мекеме аумақтарын тазалап, абаттандыру жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар тұрғындар арасында үй аулаларын таза ұстау, қоршаған ортаны күтіп-баптау және санитарлық талаптарды сақтау бойынша түсіндіру жұмыстары жалғасуда.
Акция аясында аудандық полиция бөлімі қызметкерлері мен әкімдік мамандары кәсіпкерлік нысандар мен тұрғын үйлерге рейдтік іс-шара ұйымдастырды. Бақылау барысында өзіне тиесілі аумақты қоқысқа толтырып, абаттандыру және санитарлық тазалық талаптарын сақтамаған кәсіпкерлер мен тұрғындарға Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 505-бабына сәйкес ресми ескерту берілді.
Жауапты мекемелер бұл ескертудің соңғы мүмкіндік екенін атап өтті. Заңда белгіленген мерзімде анықталған кемшіліктер жойылмаған немесе құқық бұзушылық қайта орын алған жағдайда әкімшілік жауапкершілік қаралып, айыппұл салынатын болады. Жалпы аудан көлемінде тазалық талаптарының сақталуына бақылау тұрақты түрде жүргізілуде. Жыл басынан бері учаскелік полиция инспекторлары тарапынан ҚР ӘҚБтК-нің 434-2-бабы бойынша жалпы сомасы 9,9 миллион теңгеге әкімшілік айыппұл салынып, оның 8,9 миллион теңгесі өндірілген. Сонымен қатар ҚР ӘҚБтК-нің 505-бабы бойынша 1,2 миллион теңге көлемінде айыппұл салынып, оның 900 мың теңгесі өндірілді.
Келес ауданында «Таза Қазақстан» акциясы аясындағы тазалық және рейдтік іс-шаралар алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасады. Аудан тұрғындары мен кәсіпкерлерінен өздеріне тиесілі аумақтардың тазалығын сақтап, қоршаған ортаға жанашырлықпен қарап, заң талаптарын қатаң орындау сұралады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-keles/press/news/details/1257053?lang=ru

Жауап қалдыру