
Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев шетелдік инвесторлармен кездесіп, аудан аумағында жүзеге асырылатын жаңа инвестициялық жобаның барысын талқылады.
Кездесу барысында кірпіш өндіретін зауыт салу жобасы таныстырылды. Аталған жоба өңірдің өндірістік әлеуетін арттыруға, құрылыс материалдары өндірісін дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және аудан экономикасына инвестиция тартуға бағытталған.
Инвестициялық жобаны жүзеге асыру мақсатында жеке кәсіпкер Қайрат Пердекулов Қытай Халық Республикасының инвесторларымен бірлесіп «Кирпичный завод Дарбаза» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін құрған. Кәсіпорынға индустриялық аймақ аумағынан кірпіш зауытының құрылысын жүргізуге арналған жер учаскесі бөлініп, қазіргі таңда құрылысқа дайындық жұмыстары жүргізілуде.
Кездесу барысында жобаны іске асыру кезеңдері, өндірістің технологиялық ерекшеліктері, инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, өндірістік қуаттылық, жаңа жұмыс орындарын ашу және алдағы жоспарлар жан-жақты талқыланды.
Аудан әкімі Арман Абдуллаев инвестициялық жобаларды жүзеге асыру өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беретінін атап өтті. Сондай-ақ аудан әкімдігі тарапынан инвесторларға заңнама аясында қажетті қолдау көрсетілетінін айтып, жобаның белгіленген мерзімде әрі сапалы іске асуына тілектестік білдірді.
Өз кезегінде инвесторлар көрсетілген қолдау үшін алғыстарын білдіріп, кірпіш зауытының құрылысын жоспарланған мерзімде аяқтап, заманауи технологиялармен жабдықталған өндіріс орнын іске қосуға ниетті екендіктерін жеткізді.
Кездесу соңында аудан әкімі Арман Абдуллаев шетелдік инвесторларға Сарыағаш өңірінің өткені мен бүгінін, тарихи-мәдени мұрасын кеңінен таныстыратын «Сарыағаш ауданының тарихы» кітабын сыйға тартты. Бұл тарту ауданның бай тарихы мен рухани құндылықтарын таныстырудың, сондай-ақ өзара достық пен ынтымақтастықты нығайтудың белгісі болды.
Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-saryagash/press/news/details/1258049?lang=ru

Жауап қалдыру