
Шымкент қаласы полиция департаментінің бастығы Мұхтар Қожаев Бозарық, Асар және Шымсити шағын аудандарының тұрғындарымен қоғамдық және жол қауіпсіздігі мәселелері бойынша кездесу өткізді.
Ашық форматта өткен кездесуге 100-ге жуық тұрғын қатысты. Кездесу барысында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, жол қозғалысы қауіпсіздігі, құқық бұзушылықтардың алдын алу, интернет-алаяқтық пен өзге де қылмыстардың профилактикасы мәселелері талқыланды.
«Қауіпсіздік халықтың сенімі мен тұрақты диалогтан басталады. Өйткені өз аумағындағы өзекті мәселелерді ең алдымен сол жердің тұрғындары жақсы біледі. Біздің міндетіміз – әрбір өтінішке құлақ асып, оған жедел ден қою және тұрғындармен бірлесіп, қауіпсіз әрі жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру», – деді Мұхтар Қожаев.
Халықпен тікелей әрі сындарлы байланыс орнатуға, азаматтардың өтініштеріне жедел әрекет етуге және қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге бағытталған мұндай кездесулер жалғасады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-shymkent/press/news/details/1260382?lang=ru

Жауап қалдыру