Ростов облысында Қазақстан-Ресей өңіраралық ынтымақтастығын дамыту мәселелері талқыланды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы өңірлері арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту аясында Қазақстан Республикасының Астрахан қаласындағы Бас консулы Қанат Хасенов Ростов-на-Дону қаласына жұмыс сапарымен барды.

Сапар барысында Ростов облысы губернаторының бірінші орынбасары Алексей Господаревпен кездесу өтті. Тараптар Қазақстан-Ресей өңіраралық өзара іс-қимылының өзекті мәселелерін талқылап, сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтуге, гуманитарлық ынтымақтастықты нығайтуға және жоғары оқу орындары арасындағы әріптестікті дамытуға ерекше назар аударды.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар агроөнеркәсіптік кооперацияны тереңдетуге, өзара сауда көлемі мен тауарлар номенклатурасын ұлғайтуға, сондай-ақ екі елдің іскерлік топтары арасындағы байланыстарды жандандыруға өзара мүдделілік танытатынын растады.

Сол күні Ростов облысының Сауда-өнеркәсіп палатасының президенті Николай Присяжнюковпен және өңірдің бизнес қауымдастығы өкілдерімен кездесу ұйымдастырылды. Бас консул қатысушыларды Қазақстанның инвестициялық әлеуетімен таныстырып, елімізде жүзеге асырылып жатқан экономикалық реформалар, шетелдік инвесторларды мемлекеттік қолдау тетіктері және инвестициялық ахуалды жақсарту бағытында қабылданып жатқан шаралар туралы ақпарат берді.

Сонымен қатар, Бас консул жергілікті іскер топ өкілдерімен кездесуде Ростов облысының компанияларын Қазақстан аумағында бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыруға шақырды. Өз кезегінде ресейлік тарап машина жасау, жеңіл өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы салаларындағы ынтымақтастықты дамытуға қызығушылық білдірді.

Өңірдің өндірістік әлеуетімен танысу мақсатында Қ.Хасенов ауыл шаруашылығы техникасын шығаратын «Ростсельмаш» зауытына, сондай-ақ өнеркәсіптік тоңазытқыш жабдықтарын жобалау, өндіру және монтаждау бағытында жұмыс істейтін «Ингениум» компаниясына барды. Кәсіпорындар басшылығымен өткен кездесулер барысында Қазақстанмен өндірістік және технологиялық кооперацияны кеңейту перспективалары талқыланды.

Жұмыс сапары аясында Бас консул Ресейдің оңтүстігіндегі жетекші ғылыми-білім беру орталықтарының бірі – Оңтүстік федералдық университетінде болып, оқу орны басшылығымен кездесті. Тараптар академиялық және гуманитарлық ынтымақтастықты дамыту мәселелерін, оның ішінде студенттер мен оқытушылар алмасу бағдарламаларын іске асыру және бірлескен білім беру жобаларын жүзеге асыру перспективаларын талқылады.

Университет қабырғасында қазақстандық студенттермен кездесу өтті. Бас консул жастарды сапалы білім алуға, кәсіби құзыреттерін жетілдіруге және оқу үдерісінің мүмкіндіктерін тиімді пайдалануға шақырды. Сонымен қатар студенттерге консулдық есепке тұрудың маңыздылығы, сондай-ақ Ресей Федерациясының заңнамасын сақтау қажеттігі жөнінде ақпарат берілді.

Жалпы алғанда, жұмыс сапары Ростов облысының басшылығымен, іскерлік және академиялық топтарымен өзара іс-қимылды жандандыруға, Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктерін ілгерілетуге, сондай-ақ бірлескен сауда-экономикалық және гуманитарлық бастамаларды іске асыруға қосымша серпін берді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-astrakhan/press/news/details/1260685?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді