Мойынқұм ауданында ардагерлер кеңесінің жаңа төрағасы сайланды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Мойынқұм ауылдық әкімдігі ғимаратындағы мәжіліс залында аудандық ардагерлер кеңесінің кезектен тыс пленумы өтті. Жиынға облыстық ардагерлер кеңесінің өкілдері, ауылдық округтердің ардагерлер кеңесі төрағалары, қоғамдық кеңес мүшелері, аудан тұрғындары және зиялы қауым өкілдері қатысты.

Пленумның күн тәртібінде аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасын сайлау мәселесі қаралды.

Ұзақ жылдар бойы аудандық ардагерлер кеңесіне жетекшілік еткен С.Оразымбетов денсаулық жағдайына байланысты өз өтінішімен қызметінен босату жөнінде өтініш білдірді. Жиынға қатысушылар оның ауданның қоғамдық өміріне, ардагерлер ұйымының жұмысына қосқан үлесін жоғары бағалап, атқарған еңбегіне ризашылықтарын жеткізді.

Күн тәртібіндегі мәселе бойынша аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары қызметін атқарып келген Баяхмет Шынжарбековтің кандидатурасы ұсынылды. Пленумға қатысушылардың бірауыздан қолдауымен Баяхмет Шынжарбеков аудандық ардагерлер кеңесінің жаңа төрағасы болып сайланды.

Сонымен қатар, пленум шешімімен аудандық аналар кеңесінің төрайымы Ғалия Шубаева аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары болып сайланды.

Жиын барысында облыстық ардагерлер кеңесінің өкілі Қонысбай Ілиясов сөз сөйлеп, жаңа төрағаны сайлануымен құттықтады. Ол ардагерлер ұйымының қоғамдағы орны ерекше екенін атап өтіп, ауданның барлық елді мекендеріндегі ардагерлермен тығыз байланыс орнатып, олардың ұсыныс-пікірлерін ескеріп отырудың маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ ұйымның жұмысын жандандырып, аға буынның тәжірибесін жастар тәрбиесіне кеңінен пайдалануға бағытталған жұмыстарды күшейту жөнінде нақты міндеттер жүктеді.

Пленумға қатысушылар ардагерлер кеңесінің алдағы жұмысына сәттілік тілеп, ұйымның қоғамдық келісімді нығайтуға, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге және жас ұрпаққа тағылымды тәрбие беруге бағытталған бастамалары алдағы уақытта да өз жалғасын табатынына сенім білдірді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-moyynkum/press/news/details/1264559?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді