
Инвестиция, өндіріс және жаңа мүмкіндіктер: Түркістан экономиканың жаңа өсу нүктесіне айналуда.
Түркістан облысында экономиканы әртараптандыру, инвестиция тарту және жаңа өндіріс орындарын ашу бағытындағы жүйелі жұмыстар қарқынды жалғасуда. Мемлекет басшысының экономикалық өсімді қамтамасыз ету, өңірлердің инвестициялық әлеуетін арттыру және халықты жұмыспен қамту жөніндегі тапсырмалары Түркістан облысында нақты жобалар арқылы жүзеге асырылуда.
Бүгінде өңірдің инвестициялық тартымдылығы артып, ірі өндірістік жобаларды іске асыруға қолайлы жағдай қалыптасуда. 2026–2029 жылдар аралығында Түркістан облысында жалпы құны 2,8 трлн теңгені құрайтын 122 инвестициялық жобадан тұратын портфель қалыптастырылды. Нәтижесінде 17 820 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр.
Ағымдағы жылы құны 336,5 млрд теңгені құрайтын 51 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда. Бұл жобалар аясында 5 466 жаңа жұмыс орны құрылады. Тікелей шетелдік инвестиция тарту бағытында да оң динамика қалыптасуда. Биыл облысқа 499 млн АҚШ доллары көлемінде тікелей шетелдік инвестиция тарту жоспары бекітілсе, жылдың алғашқы тоқсанында бұл көрсеткіш 115,3 млн АҚШ долларын құрады.
Түркістан облысында жоғары технологиялы және экспортқа бағытталған өндірістерді дамытуға ерекше мән берілуде. Алдағы кезеңде іске асырылатын ірі жобалардың қатарында:
Созақ ауданында «СП «Буденовское» ЖШС-нің қуаттылығы жылына 6 мың тонна уран өңдеу кешенінің екінші кезеңі жүзеге асырылады. Жоба құны – 30,2 млрд теңге.
Отырар ауданында «KAZAKHSTAN LIHUA» ЖШС қуаттылығы жылына 10 мың тонна мақта өңдейтін екі зауыттың құрылысын жүргізуде. Инвестиция көлемі – 10 млрд теңге.
Ордабасы ауданында «HUATING BIOTECHNOLOGY Co.,LTD» компаниясы ірі қара мал сүйегінен май және пептон компоненттерін өңдейтін өндіріс орнын іске қосады. Жоба құны – 9 млрд теңге.
Сайрам ауданында «Meat Magnat» агроөнеркәсіптік кешені жылына 5 мың тонна ет өндіретін комбинат пен 10 мың басқа арналған бордақылау алаңын салуда. Инвестиция көлемі – 6,7 млрд теңге.
Созақ ауданында «ИНКАЙ» БК» ЖШС «Инкай» кен орнында жылына 4 мың тонна өнім өндіретін аффинаж зауытын іске асыруда. Жоба құны – 7,5 млрд теңге. Төлеби ауданында «Қазығұрт бақтары» АӨК жемістерді қайта өңдеу цехы мен көкөніс сақтау қоймасын салады. Инвестиция көлемі – 4,1 млрд теңге.
Бұл жобалар өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттырып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашуға және жергілікті өндірісті дамытуға мүмкіндік береді.
Индустриялық аймақтар – жаңа өндірістердің алаңы. Инвесторларға қолайлы жағдай жасау мақсатында Түркістан облысында индустриялық және арнайы экономикалық аймақтардың инфрақұрылымы белсенді дамып келеді.
Өткен жылы облыста жаңадан 11 индустриялық аймақ іске қосылып, олардың жалпы саны 21-ге жеткізілді. Қазіргі таңда индустриялық аймақтарда жалпы құны 158,4 млрд теңгені құрайтын 105 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Бұл жобалар толық іске қосылған жағдайда 5 964 жаңа жұмыс орны ашылады. Былтыр индустриялық аймақтарда құны 60 млрд теңгені құрайтын 55 жоба іске қосылып, нәтижесінде 3,3 мың жұмыс орны құрылды.
Өңірдің инвестициялық дамуының маңызды бағыттарының бірі – «Turan» арнайы экономикалық аймағы. Бүгінде арнайы экономикалық аймақта жалпы құны 302,9 млрд теңгені құрайтын 36 ірі жоба жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда оның 6 жобасы іске қосылды. Барлық жобалар толық аяқталған жағдайда 6,8 мың жаңа жұмыс орны ашылады.
Ауылдарда өндіріс орындары ашылып, кәсіпкерлік дамуда.
Мемлекет басшысы еңбекке қабілетті жастардың ірі қалаларға көшу мәселесіне назар аударып, ауылдық аумақтарда жаңа экономикалық мүмкіндіктер қалыптастыру қажеттігін атап өткен болатын. Осы бағытта Түркістан облысында ауылдық жерлерде шағын өндірістерді дамытуға ерекше басымдық берілуде.
Өңірге сырттан әкелінетін тауарларға талдау жүргізіліп, жергілікті жерде өндіруге болатын өнім түрлері анықталды. Осы негізде дайын бизнес-кейстер әзірленіп, кәсіпкерлерге өндірістік алаңдар мен дайын жобалар ұсынылуда.
Бүгінде облыста 29 шағын өндірістік алаң құрылды. Олардың жалпы аумағы 264 гектарды құрайды. Қазіргі таңда осы алаңдарда 275 өндірістік ғимараттың құрылысы жүргізілуде. Өндірістік алаңдарға орналастырылатын жобалардың жалпы құны 226,9 млрд теңгені құрайды. Қалыптасқан өндірістік пулда 269 жоба бар. Оларды іске асыру нәтижесінде 6,8 мың жаңа жұмыс орны ашылады.
Бүгінде жалпы құны 159,5 млрд теңгені құрайтын 109 жоба іске қосылды.
Олардың қатарында:
• жеңіл өнеркәсіп;
• жиһаз өндірісі;
• жаңбырлатып суару жүйелері;
• тұрмыстық техника;
• мұздатқыш жабдықтар;
• құрылыс материалдары;
• бір реттік ыдыстар өндірісі бар.
Алдағы уақытта жаңа бағыттар бойынша да өндірістер іске қосылады.
Олардың қатарында:
• John Deere және Lovol ауыл шаруашылығы техникаларын өндіру;
• ауыл шаруашылығы дрондарын шығару;
• бейнекамера өндірісі;
• капсулды үйлер шығару;
• тұрмыстық химия өнімдерін өндіру;
• кептірілген жемістер өндірісі бар.
Түркістан облысында жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалар өңір экономикасын жаңа деңгейге көтеріп, өндіріс көлемін ұлғайтуға, ауылдық аумақтарды дамытуға және халықты тұрақты жұмыспен қамтуға бағытталған.
Бүгінде Түркістан – инвестиция тартылған, жаңа өндірістер бой көтерген, жұмыс орындары ашылып жатқан және экономикалық мүмкіндігі артып келе жатқан стратегиялық маңызды өңір.
Инвестиция – өндіріс. Өндіріс – жұмыс орны. Жұмыс орны – халықтың әл-ауқаты. Түркістанның жаңа даму бағыты осы қағидатқа негізделуде.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/1268759?lang=ru

Жауап қалдыру