
Елордада полиция қызметкерлері тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және жолын кесу, азаматтардың құқықтарын қорғау, өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларды анықтау және зардап шеккендерге дер кезінде көмек көрсету бағытында жүйелі жұмыстар жүргізуде.
Бұл жұмыс мемлекеттік органдардың, денсаулық сақтау және халықты әлеуметтік қорғау саласының өкілдерімен, Отбасын қолдау орталықтарымен, сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл аясында жүзеге асырылуда. Негізгі мақсат – келіп түскен хабарламаларға жедел әрекет ету ғана емес, сонымен қатар тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу.
Жыл басынан бері «102» арнасына отбасылық-тұрмыстық жанжалдарға қатысты 4 мыңнан астам хабарлама келіп түсті. Әрбір хабарлама бойынша полиция қызметкерлері заң талаптарына сәйкес тиісті шаралар қабылдайды. Қажетті негіздер болған жағдайда қорғау нұсқамалары шығарылып, құқық бұзушылардың мінез-құлқына ерекше талаптар белгіленеді және жәбірленушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған өзге де шаралар қолданылады.
Полиция қызметкерлері келіп түскен арыз-шағымдарға ден қоюмен қатар, тұрақты түрде профилактикалық жұмыстар жүргізеді. Бұған дейін тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері тіркелген отбасыларға барып, профилактикалық есепте тұрған азаматтарды тексереді, қорғау нұсқамалары мен ерекше талаптардың сақталуын бақылауға алады, тәуекелдерді бағалайды, азаматтарға құқықтық қорғау шараларын түсіндіріп, зардап шеккендерге қажетті көмек көрсетеді.
Сондай-ақ қолдауды қажет ететін отбасыларды анықтауға ерекше көңіл бөлінеді. Аула аралау барысында полиция қызметкерлері әлеуметтік қызметтер мен Отбасын қолдау орталықтарының жұмысын автоматтандыруға арналған қазақстандық цифрлық платформаны пайдаланады. Бұл уәкілетті мемлекеттік органдармен ақпарат алмасуды жеделдетіп, қажетті шараларды уақытылы қабылдауға мүмкіндік береді.
Елордалық полиция отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық – бұл отбасының жеке мәселесі емес екенін ескертеді. Егер сіз құқыққа қайшы әрекеттердің куәсі болсаңыз немесе тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбанына айналсаңыз, дереу «102» арнасына хабарлаңыз. Уақытылы хабар беру ауыр зардаптардың алдын алып, азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғауға ықпал етеді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-astana/press/news/details/1268926?lang=ru

Жауап қалдыру