
Қазақстанда туризмді мемлекеттік қолдау тетіктері жетілдірілуде
Енгізілген өзгерістер биылғы жылдың наурыз айында күшіне енген «Қазақстан Республикасындағы туристік қызмет туралы» Заңның нормаларына сәйкестендіруге бағытталған. Негізгі мақсат – бизнес үшін рәсімдерді түсінікті ету, әкімшілік кедергілерді азайту және бюджет қаражатының тиімді пайдаланылуын қамтамасыз ету, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі.
Kids Go Free бағдарламасы: туроператорлар ұсынатын қызметтердің сапасын арттыру мақсатында туристік өнімге қойылатын талаптар нақтыланды. Туристік өнімді ішкі туризм саласында қызмет көрсететін туроператор қалыптастыруы, оған баланың эконом-класс бойынша екі бағыттағы әуе тасымалы енгізілуі және кемінде екі түн қонақүйде орналастыру қарастырылуға тиіс. Сонымен қатар турдың төленгенін және баланы алып жүретін адамның туыстық қатынасын растайтын құжаттарды ұсыну міндеттеледі.
Кіру туризмі саласындағы туроператорларға берілетін субсидиялар: елге келетін туристерден түсетін экономикалық тиімділікті арттыру мақсатында субсидия алу үшін шетелдік туристің Қазақстанда болу мерзімі кемінде алты түн болып белгіленді. Бұл халықаралық тәжірибеге сәйкес келеді және бюджет қаражатын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Айта кету керек, бұған дейін қолданыста болған талап пандемиядан кейінгі кезеңде кіру туризмін қолдау мақсатында енгізілген болатын. Бүгінде елімізге келетін шетелдік туристер ағыны толық қалпына келіп қана қоймай, 2019 жылғы көрсеткіштен де асты. Осыған байланысты мемлекеттік қолдау ұзақ мерзімді сапарларды ынталандыруға бағытталады. Туроператорларға төленетін субсидия көлемі бұрынғыдай әр турист үшін 15 мың теңге деңгейінде сақталды. Бұл өңірлерде шетелдік туристердің тұруға, тамақтануға, экскурсиялар мен өзге де қызметтерге жұмсайтын шығындарының артуына ықпал етеді деп күтілуде.
Санитариялық-гигиеналық тораптар: санитариялық-гигиеналық тораптардың сапалы жұмысын қамтамасыз ету үшін субсидияланатын шығыстардың нақты тізбесі айқындалды. Оған тазалау, дезинфекциялау, коммуналдық қызметтер, сумен жабдықтау, жарықтандыру, қалдықтарды шығару және пайдалану шығындары кіреді. Субсидия мөлшері бұрынғыдай айына 83,3 мың теңге көлемінде сақталды. Сонымен қатар нысандардың нақты жұмысын бақылау күшейтіліп, тексерулер жүргізу, фото және бейнетіркеу, сондай-ақ тұрақты мониторинг жасау көзделген.
Инфрақұрылымдық жобалар: туристік инфрақұрылымды мемлекеттік қолдаудың қолданыстағы шаралары сақталды. Мемлекет тау шаңғысы курорттарына арналған жабдықтар мен техниканың құнының 25%-ын, туристік автобустардың құнының 25%-ын, сондай-ақ жол бойындағы сервис нысандарын, визит-орталықтар мен туристерді орналастыру орындарын салуға жұмсалған шығындардың 10%-ын өтеуді жалғастырады. Сонымен қатар қолдау көрсетілетін нысандар мен жабдықтардың тізбесі жүйеленіп, құжаттарға қойылатын талаптар, өтінімдерді қарау мерзімдері және шешім қабылдау тәртібі нақтыланды. Бұл мемлекеттік қолдау тетіктерінің ашықтығын арттырып, бизнес үшін рәсімдерді түсінікті етеді.
Басым туристік аумақтар: басым туристік аумақтарды айқындау жөніндегі өкілеттіктер өңірлік деңгейге берілді. Енді жергілікті атқарушы органдар мұндай аумақтарды өздері белгілеп, олардың шекарасын айқындай алады және әр өңірдің туристік әлеуетін ескере отырып шешім қабылдайды. Бұл туристік әлеуеті жоғары аумақтарды жедел дамытуға және олардың ерекшеліктерін тиімді ескеруге мүмкіндік береді.
Қабылданған өзгерістер туризмді мемлекеттік қолдаудың тиімді әрі ашық жүйесін қалыптастыруға бағытталған. Олар бір жағынан бизнес үшін рәсімдерді жеңілдетсе, екінші жағынан бюджет қаражатының мақсатты әрі тиімді пайдаланылуына бақылауды күшейтеді. Өзгерістерді әзірлеу барысында СЖТС нәтижелері (сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау), құқық қолдану тәжірибесі, сондай-ақ бизнес қауымдастығы мен жергілікті атқарушы органдардың ұсыныстары ескерілді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe-uil-sarybie/press/news/details/1270771?lang=ru

Жауап қалдыру