
Құрылысшылар күні қарсаңында облыс әкімінің бірінші орынбасары Ербол Садыр сала мамандарын кәсіби мерекемен құттықтап, аймақ басшысы Берік Уәлидің атынан ізгі тілегін жеткізді.
Жиында облыстық Құрылыс басқармасының басшысы Серік Тілемесов өңірдің құрылыс саласында атқарылып жатқан жобалар мен игі бастамалар туралы баяндады.
Облыс құрылғаннан бері өңірде 89 әлеуметтік нысан пайдалануға берілді. Оның ішінде білім беру саласында – 8, денсаулық сақтауда – 67, спорт саласында – 7, мәдениет саласында – 4, әлеуметтік қамтамасыз ету бағытында 3 нысан бар.
Осы кезеңде бюджет қаражаты есебінен 48 көппәтерлі және 1381 екі пәтерлі тұрғын үй, жеке инвесторлар есебінен 92 көппәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді. Тұрғын үй құрылысы аясында несиелік және жалға берілетін баспаналармен қатар, әлеуметтік осал топтарға арналған пәтерлер де қарастырылған.
Қазіргі таңда Мемлекет басшысының қолдауымен басталған «Абайға құрмет» акциясы аясында Семей қаласының әр аумағында бірнеше нысанның құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Бейбітшілік аралында Солтүстік Қазақстан облысының тартуы Рәміздер алаңының құрылысы аяқталды.
Жаңа әкімшілік-іскерлік орталықта Маңғыстау облысының сыйлығы Достық үйі, Шымкент қаласының тартуы шығармашылық орталығы, Алматы қаласының сыйлығы медиаорталық, Павлодар облысының тартуы үстел теннисі орталығы салынып жатыр. Қаланың сол жағалауында Ақтөбе облысының сыйлығы Жекпе-жек сарайының құрылысы басталды. Түркістан облысы көрме орталығын, Қызылорда облысы «Анаға тағзым» ғимаратын, Атырау облысы «Абай әлемі» орталығын, Жетісу облысы Семейдің кіреберісіне қала қақпасын, Батыс Қазақстан облысы спорт кешенін, Қостанай облысы руханият орталығын, Астана қаласы 1500 орындық «Келешек» мектебін салып берсе, Шығыс Қазақстан облысы Ертіс өзені жағалауын абаттандырады.
Салтанатты шара барысында құрылыс саласының дамуына үлес қосқан бірқатар азаматтар Абай облысы әкімінің және Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің Алғыс хатымен марапатталды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abay/press/news/details/1270946?lang=ru

Жауап қалдыру