
Бланкенберге, 2026 жылғы 7 тамыз – Батыс Фландрия провинциясына жұмыс сапары аясында Қазақстанның Бельгиядағы Елшісі Роман Василенко Бланкенберге қаласының мэрі Бьёрн Прассемен, сондай-ақ бельгиялық «Maselis» компаниялар тобының иесі әрі бас директоры Патрик Мазелиспен және «Borlix NV» компаниясының басшылығымен кездесулер өткізді.
Бланкенберге мэрімен келіссөздер барысында тараптар Қазақстан мен Бельгия арасындағы ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен даму перспективаларын талқылап, өңіраралық байланыстарға, туризмді дамытуға, қалалардың орнықты дамуына, мәдени алмасуларға және екі елдің муниципалитеттері арасында тікелей байланыстар орнатуға ерекше назар аударды.
Елші Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан ауқымды саяси және конституциялық реформалар, жаңа Конституцияның күшіне енуі, сондай-ақ жаңа бір палаталы Парламент – Құрылтай сайлауына дайындық барысы туралы ақпарат берді. Сонымен қатар Қазақстанның туризм саласының қарқынды дамуы және осы бағыттағы ынтымақтастықты кеңейту әлеуеті атап өтілді.
Кездесу барысында Бланкенберге мен Қазақстанның туристік өңірлері арасында әріптестік байланыстар орнату перспективаларына ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, курорттық аумақтарды басқару, экологиялық жобалар, яхталық инфрақұрылым, мәдени алмасу және орнықты қалалық мобильділік салаларындағы ынтымақтастық мүмкіндіктері талқыланды.
Сол күні «Maselis» компаниялар тобы мен «Borlix NV» компаниясының басшылығымен келіссөздер өтті. Аталған компаниялар астық ингредиенттері мен ауыл шаруашылығы шикізатын терең өңдеу өнімдерін өндіретін Бельгияның жетекші кәсіпорындарының қатарына жатады.
Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Бельгия арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылап, екіжақты сауданың тұрақты өсімін атап өтті. 2025 жылы Қазақстанның Бельгияға экспорты 48%-ға өсіп, 311,5 млн АҚШ долларына жеткені, ал негізгі экспорттық тауар зығыр тұқымы болғаны атап өтілді. Бельгия қазақстандық зығырдың Еуропадағы ең ірі нарығы болып табылады, ал Қазақстан бүгінде ЕО нарығына зығыр тұқымын жеткізушілер арасында бірінші орында тұр.
Елші Транскаспий халықаралық көлік бағытының (Орта дәліз) әлеуетін таныстырып, оның Еуразиядағы ең қарқынды дамып келе жатқан көлік бағыттарының бірі екенін атап өтті. Қазақстанның ауыл шаруашылығы өнімдерін Еуропалық одақ елдеріне жеткізуді одан әрі ұлғайту үшін Антверпен-Брюгге портының инфрақұрылымын пайдалану мүмкіндіктеріне назар аударылды.
Бельгиялық тарап астықты терең өңдеу, заманауи өңдеу технологияларын жергіліктендіру, тағамдық ингредиенттер мен мал азығын өндіру, сондай-ақ Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенінде бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру перспективаларына қызығушылық танытты. Осы тұрғыда «Maselis» тобы мен «Borlix NV» компаниясы 2026 жылдың күзінде өтетін Бельгия Королі Филипптің Қазақстанға тарихтағы алғашқы мемлекеттік сапарына дайындық аясындағы перспективалы әріптестер ретінде қарастырылуда.
Сапар барысында Р.Василенко сондай-ақ біріккен Антверпен-Брюгге портының құрамына кіретін Зебрюгге порт кешенінің қызметімен танысты. Порт дамыған мультимодальды инфрақұрылымға ие және халықаралық логистикада маңызды рөл атқаратын Еуропадағы ең ірі әрі заманауи терең сулы теңіз порттарының бірі екені атап өтілді. Оның инфрақұрылымын қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерінің Транскаспий халықаралық көлік бағыты арқылы ЕО нарығына экспортын кеңейту және Орта дәліз бойынша жүк тасымалдарын дамыту үшін пайдалану перспективалары қарастырылды.
Сапар қорытындысы бойынша тараптар агроөнеркәсіп кешені, логистика, туризм және өңірлердің орнықты дамуы салаларында практикалық ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге, сондай-ақ Қазақстан мен Батыс Фландрияның іскерлік және өңірлік орталары арасындағы тікелей байланыстарды нығайтуға өзара мүдделілігін растады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-brussels/press/news/details/1271035?lang=ru

Жауап қалдыру