
Су ресурстары және ирригация министрлігінің Су шаруашылығы комитеті Түркістан облысындағы Сарыағаш топтық су құбырына су беруді қамтамасыз ететін магистральдық су құбырын реконструкциялау жобасының екінші іске қосу кешенін әзірлеп жатыр.
Екінші іске қосу кешені аясында су алатын бас құрылыстар мен суды тазартудың заманауи мембраналық технологиясы қолданылатын су дайындау станциясын салу жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта жобалық құжат «Мемсараптама» РМК-ның қарауында.
Жобаны іске асыру Түркістан облысының Сарыағаш және Келес аудандарындағы 66 елді мекенді сапалы ауызсумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл елді мекендерде шамамен 250 мың адам тұрады.
«Бірінші іске қосу кешені бойынша жұмыстар былтыр аяқталды. Жобаны іске асыру аясында диаметрі 630 мм болатын 35,5 шақырым магистральдық су құбыры тартылып, 210 су құбыры құдығы орнатылды. Нысанды пайдалануға қабылдау актісіне 2025 жылғы желтоқсанда қол қойылды», – деді Су ресурстары және ирригация министрлігі Су шаруашылығы комитетінің төрағасы Арсен Жақанбаев.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/water/press/news/details/1271088?lang=ru

Жауап қалдыру