
Әл-Кувейт, 2026 жылғы 12 тамыз – Түркі инвестициялық қорының (Turkic Investment Fund, TIF) Президенті Бағдад Әміреев Кувейт Мемлекетіне жұмыс сапарымен барып, оның аясында Кувейттің және өңірдің жетекші қаржы-инвестициялық институттарының басшыларымен бірқатар кездесулер өткізді.
Кувейт араб экономикалық даму қорының (Kuwait Fund for Arab Economic Development, KFAED) Бас директорының міндетін атқарушы Рашеид Аль-Бадермен кездесу барысында тараптар екі қор арасындағы ынтымақтастықты дамыту перспективаларын, оның ішінде инфрақұрылымдық және басқа да басым жобаларды бірлесіп қаржыландыру, сондай-ақ тәжірибе алмасу мәселелерін талқылады. Келіссөздер қорытындысы бойынша жақын арада TIF пен KFAED арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді.
Кувейт инвестициялық басқармасының (Kuwait Investment Authority, KIA) Басқарушы директоры Шейх Сауд Салем Абдалазиз Ас-Сабахпен кездесуде Кувейт пен TIF-ке мүше мемлекеттер арасындағы инвестициялық және қаржылық байланыстарды нығайту мүмкіндіктері қарастырылды. Инфрақұрылым, көлік және логистика, энергетика және қаржы секторы перспективалы бағыттар ретінде белгіленді. Тараптар өзара қызығушылық тудыратын инвестициялық жобаларды айқындау бойынша практикалық жұмысты жалғастыруға уағдаласты.
Араб экономикалық және әлеуметтік даму қорының (Arab Fund for Economic and Social Development) Бас директоры Фаузи Юсеф Аль-Хунаифпен келіссөздер барысында тараптар екі институт қызметінің басым бағыттары мен жобаларды бірлесіп қаржыландыру перспективаларын талқылады. Сонымен қатар Араб үйлестіру тобының институттарымен өзара іс-қимылды қоса алғанда, ынтымақтастықты одан әрі дамытуға қызығушылық білдірілді.
Кездесулерге Қазақстан Республикасының Кувейт Мемлекетіндегі Елшісі Ержан Елекеев қатысты. Келіссөздер барысында азық-түлік қауіпсіздігі мәселелеріне ерекше назар аударылды. Тараптар Қазақстанның осы саладағы елеулі әлеуетін атап өтіп, Кувейттің азық-түлік жеткізу көздерін әртараптандыру жағдайында Қазақстан ұзақ мерзімді ынтымақтастықты дамыту және бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру үшін перспективалы серіктестердің бірі ретінде қарастырылатынын атап өтті.
Сапар қорытындысы бойынша тараптар Түркі инвестициялық қоры мен Кувейттің жетекші қаржы институттары арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға және нақты инвестициялық бастамаларды пысықтауға өзара мүдделілігін растады.
Kuwait Investment Authority (KIA) – тарихы 1953 жылдан бастау алатын Кувейт Мемлекетінің егеменді инвестициялық қоры. KIA басқаруындағы активтердің көлемі шамамен 1 трлн АҚШ долларына бағаланады, бұл оны әлемдегі ең ірі егеменді инвестициялық қорлардың біріне айналдырады.
Kuwait Fund for Arab Economic Development (KFAED) – дамушы елдердегі жобаларды қаржыландыру мақсатында 1961 жылы құрылған Кувейттің мемлекеттік даму институты. Қызметі барысында Қор әлемнің 100-ден астам елінде, соның ішінде Қазақстанда, 1 000-нан астам жобаны қаржыландырды.
Arab Fund for Economic and Social Development – штаб-пәтері Кувейтте орналасқан, 1974 жылдан бері қызмет атқарып келе жатқан өңірлік қаржы және даму институты. Қор араб елдеріндегі ірі инфрақұрылымдық және әлеуметтік-экономикалық жобаларды қаржыландырады және Араб үйлестіру тобының негізгі институттарының бірі болып табылады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-kuveyt/press/news/details/1273128?lang=ru

Жауап қалдыру