Төрт жыл ішінде Ақтөбе облысында мемлекет меншігіне 1 млн 256 мың гектар ауыл шаруашылығы жері қайтарылды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Бос жатқан жерлерді мемлекетке қайтару жұмыстарының нәтижелері және оларды одан әрі пайдалану мәселелері облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде қаралды.

Жер қатынастары басқармасының басшысы Нұрбол Ержановтың айтуынша, биыл 80 мың гектар жерді қайтару жоспарланған. Қазіргі таңда мемлекетке 120,9 мың гектар ауыл шаруашылығы жері қайтарылды. Жоспар 151,1%-ға орындалды.

Жалпы, 2022–2025 жылдары мемлекеттік меншікке 1 млн 256 мың гектар жер қайтарылды. Оның 1 млн 92,3 мың гектары қайтадан ауыл шаруашылығы айналымына енгізілді. Тағы 40 мың гектар елді мекендердегі жайылым көлемін ұлғайту үшін резервке қойылды.

Нұрбол Ержанов қайтарылған жерлердің арқасында жайылым тапшылығы мәселесінің бір бөлігі шешілгенін атап өтті. Егер 2024 жылы жайылым тапшылығы 97 мың гектарды құраса, бүгінде бұл көрсеткіш 18,9 мың гектарға қысқарған.

Облыста жерлердің жай-күйін бақылау жұмыстары да жалғасуда. Биыл жалпы аумағы 262,5 мың гектарды құрайтын 132 ауыл шаруашылығы жер учаскесі тексерілді. Анықталған заң бұзушылықтар бойынша жер пайдаланушыларға нұсқамалар берілді. Ал жалпы аумағы 2,4 мың гектарды құрайтын үш учаске бойынша материалдар сотқа жолданды.

Жиында бүлінген жерлерді қалпына келтіру мәселесіне де баса назар аударылды. Биыл тиісті міндеттемелерінің мерзімі аяқталған 30 жер пайдаланушыға қатысты рекультивация жұмыстары жүргізілуде. 18 материал бойынша шаралар қабылданып, оның 10-ы бойынша жалпы сомасы 10 млн теңге айыппұл салынды.

Сондай-ақ Елек өзені бойындағы жер пайдалану жағдайы қаралды. Ақтөбе қаласының аумағындағы, сондай-ақ Мәртөк және Алға аудандарындағы жағалау аймағында 30 жер пайдаланушы анықталды.

Облыс әкімі Ақтөбеден облыс шекарасына дейінгі учаскеде өзеннің су қорғау аймағы мен жолағының шекарасын белгілеуді тапсырды. Бұл жерлердің пайдаланылуына бақылауды күшейтіп, су ресурстарын қорғау талаптарының сақталуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Басқосу қорытындысы бойынша аудан әкімдеріне жерлердің пайдаланылуына бақылауды күшейту, пайдаланылмай жатқан және мақсатына сай пайдаланылмайтын учаскелерді анықтау, оларды мемлекет меншігіне қайтарып, кейіннен айналымға енгізуді қамтамасыз ету тапсырылды. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің құнарлылығын сақтау және олардың деградациясына жол бермеу мәселесіне ерекше назар аудару міндеттелді.

«Жер өңірдің дамуына жұмыс істеп, халыққа пайда әкелуі тиіс. Ауыл шаруашылығы алқаптарының бос жатуына немесе талаптарды бұза отырып пайдаланылуына жол бермеу маңызды. Мұндай учаскелерді айналымға кезең-кезеңімен қайтарып, олардың жай-күйін бақылау және жер ресурстарына ұқыпты қарауды қамтамасыз ету қажет. Бұл мәселені тұрақты бақылауда ұстауды аудан әкімдеріне тапсырамын», – деді Асхат Шахаров.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe-alga-karakudyk/press/news/details/1275375?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді