«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру, сондай-ақ құқық қорғау органдары қызметінің ашықтығы мен есептілік қағидаттарын нығайту мақсатында Алматы облысы Полиция департаментінде облыстың бас полицейі Мейрам Әбікеев азаматтарды кезекті қабылдауын өткізді.
Жеке қабылдауға қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуден бастап құқықтар мен заңды мүдделерді қорғауға дейінгі түрлі мәселелер бойынша 10 азамат жүгінді.
Әрбір өтініш мұқият тыңдалып, кездесудің қорытындысы бойынша облыстық полиция департаментінің бастығы тиісті басқармалар мен аудандық бөлімшелер басшыларына нақты тапсырмалар берді. Олардың орындалуы жеке бақылауға алынып, қаралған мәселелерді жедел әрі әділ шешуге баса назар аударылуда.
– Біз азаматтарды тыңдап қана қоймай, әрекет етеміз. Біздің міндетіміз – тыңдау, түсіну және көмектесу. Мұндай кездесулер қоғам мен полиция арасындағы байланысты нығайтуға, проблемалық тұстарды жедел анықтауға мүмкіндік береді, – деп атап өтті М. Әбікеев.
Азаматтарды ашық қабылдау – өңір полицейлерінің күнделікті жұмысының ажырамас бөлігіне айналды. Бұл – қоғамдық сенімді арттыруға, ішкі істер органдары қызметінің ашықтығын қамтамасыз етуге және құқықтық ортаны нақты жақсартуға арналған тиімді құрал.
– Халықпен ашық қарым-қатынас – құқықтық тәртіптің тиімді әрі заманауи моделінің негізі. Оның ортасында әрқашан адам мен оның қауіпсіздігі тұрады, – деп қорытындылады облыстық полиция департаментінің бастығы Мейрам Әбікеев.
Жауап қалдыру