Керімбек Масалимов пен Гүлназ Сұлтанайдың махаббат хикаясы көркем фильмнің желісінен алынғандай. Олар 2014 жылы ішкі істер органдарына жаңадан келген кезде танысқан. Бастапқыда бұл жай ғана достық болатын – ортақ мақсат, оқу, кезекшіліктер мен алғашқы кәсіби қадамдар біріктірді. Үш жыл өткен соң, 2017 жылы Гүлназ Керімбектің жары атанып, көп ұзамай тұңғыштары – Назым есімді қыздарын өмірге әкелді. Бүгінде бұл берік отбасыға сегіз жыл. Олар екі перзент өсіріп, жылы ұя құрып, заңға адал қызмет етуді сүйіспеншілікпен жалғастырып келеді.
Керімбек – Еңбекшіқазақ аудандық тергеу бөлімінде мүліктік қылмыстарды тергейтін маман. Ал жұбайы Гүлназ – отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімінің бастығы. Екеуі де – өз ісіне адал, жауапкершілігі жоғары, қағидатынан айнымайтын кәсіби офицерлер. Бір басқармада қызмет атқарғандарына қарамастан, олар кәсіби этиканы берік ұстанады: жұмыс орнында – әріптес, ал үйде – бір-біріне тірек болған өмірлік серіктер.
Жұмыстан тыс уақытта Керімбек пен Гүлназ мүмкіндігінше балаларымен уақыт өткізуге тырысады. Назым – бастауыш мектептің бірінші сыныбында оқиды, ал Тамерлан – балабақшаға барады. Кешке бүкіл отбасы серуендеп, велосипед теуіп, доп ойнап, кітап оқып уақыт өткізгенді ұнатады.
– Үйіміз – бізді құшақ жая қарсы алатын қасиетті орын, – дейді Гүлназ. – Қаншалықты ауыр күн болса да, қиын істер мен тергеулер артта қалып жатса да, бәрін босағаның ар жағында қалдырып, бір-біріміздің жанымыздан табылуға тырысамыз. Біз – бір-біріне тірек болатын нағыз командамыз.
Ғашықтар күні – «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу күнінде» осындай өмірден алынған оқиғалар жүрекке шабыт сыйлайды. Олар махаббат – тек романтика ғана емес, күн сайын бірге жасалатын таңдаулар мен қамқорлық екенін еске салады. Әсіресе, екеуі де погон тағып, туған халқына бірдей адалдықпен қызмет етіп жүрген кезде.
Жауап қалдыру