Бүгін Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұрәлі Әбіш, депутаттардан құралған арнайы комиссиямен бірге жұмыс сапарымен Төлеби ауданына келіп, бірқатар әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандардың қазіргі жағдайымен танысты.
Жұмыс сапарының негізгі мақсаты – аудан бюджетінің атқарылу барысын зерделеу, бюджет қаражатының тиімді әрі мақсатты жұмсалуын бақылау, сондай-ақ ел игілігіне бағытталған әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылу барысын бағалау.
Аудан әкімі Еркеғали Әлімқұлов арнайы комиссия мүшелерімен бірге бірқатар нысанды аралап, ауданда жүзеге асырылып жатқан жұмыстар мен жобалардың барысын таныстырды.
Сапар барысында комиссия мүшелері бірқатар маңызды нысандарды аралады. Атап айтқанда, Киелітас ауылдық округіндегі мәдениет үйінің құрылыс жұмыстары, «Достық-2» су ұңғымасының жағдайы қаралды.
✅ Сонымен қатар Бірінші Мамыр ауылдық округіндегі жаңа массивтің қазіргі жағдайы мен инженерлік-инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуі зерделенді.
Комиссия мүшелері Екпінді елді мекеніндегі Т. Назарбеков атындағы жалпы орта мектепке барып, білім беру нысанының жағдайымен танысты.
Бұдан бөлек, КТҚ-3 кәріздік тазарту құрылысының құрылыс барысы назарға алынды. Сондай-ақ сөйлеу қабілетінде бұзылыстары бар балаларға арналған мамандандырылған мектептің жұмысы зерделеніп, білім алушыларға жасалған жағдайлар қаралды.
Комиссия мүшелері Қапал батыр көшесіндегі үш көпқабатты тұрғын үйді көрді. Мұнда тұрғын үйлердің жағдайы, абаттандырылуы және инженерлік инфрақұрылыммен қамтылуы бойынша мәселелер қаралды.
Әр нысан бойынша атқарылған жұмыстардың көлемі, бюджет қаражатының игерілуі, құрылыс сапасы және жобалардың белгіленген талаптарға сәйкестігіне ерекше назар аударылды.
Мұндай зерделеу жұмыстары бюджет қаражатының тиімді әрі мақсатты жұмсалуын қамтамасыз етуге, нысандардың сапалы және уақтылы іске асырылуын бақылауға мүмкіндік береді.
Ең бастысы – аудан тұрғындарының игілігіне бағытталған жобалардың сапалы жүзеге асырылып, халыққа нақты нәтижесін беруі.
Жауап қалдыру