Карағанды облысында сотталғандардың еңбекке бейімделуі және босатылғаннан кейін жұмыспен қамтылуына жәрдемдесу жұмыстары жүргізілуде

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған азаматтарды, сондай-ақ пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарды еңбекке бейімдеу мен жұмыспен қамтуға жәрдемдесу тетіктерін дамыту жұмыстарын жүйелі түрде жалғастыруда.

Қарағанды облысына жасаған жұмыс сапары аясында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев жазасын өтеп жатқан адамдарды жұмысқа орналасуға дайындау тәжірибесімен және азаматтар бостандыққа шыққаннан кейін көрсетілетін қолдау шараларымен танысты. Негізгі бағыттардың бірі – адам бостандыққа шыққанға дейін кәсіби дағдылар мен еңбек тәжірибесін жинақтау. Бұл қатысушыларды қолжетімді бос жұмыс орындарымен, жұмыс берушілердің талаптарымен және кәсіптік оқыту бағыттарымен күні бұрын таныстыруға мүмкіндік береді.

Осындай жобалардың бірі «Qarmet» АҚ қатысуымен жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда оған 62 сотталған азамат қатысып жатыр. Олар кәсіпорынның өндірістік учаскелерінде еңбек етіп, кәсіптік білім алуда, қайта даярлаудан өтіп, практикалық машықтарды меңгеруде. Асқарбек Ертаев жұмыс сапары барысында жоба қатысушыларымен жүздесіп, еңбекті ұйымдастыру, кәсіптік дайындық және алдағы жоспарлар мәселелерін талқылады.

«Qarmet» компаниясы жобаға қатысқан азаматтарды жазасын өтеп болған соң жұмысқа қабылдауға дайын. Сонымен қатар, өңірдегі басқа да кәсіпорындар оқытудан өткен мамандарды бостандыққа шыққаннан кейін жұмысқа орналастыру мүмкіндігін қарастырып жатыр.

«Жұмыспен қамтылу адамның әлеуметтік бейімделуі үшін орасан зор мәнге ие. Мамандық алу, еңбек дағдылары мен тәжірибені қалыптастыру бостандыққа шыққаннан кейінгі өмірге алдын ала дайындалуға мүмкіндік береді. Адамның қандай мүмкіндіктері барын және көмек сұрап қайда жүгіне алатынын нақты білуі маңызды. Біздің басты міндетіміз – қолдау шаралары адам босатылғанға дейін басталып, одан кейін де үзіліссіз жалғасатын кешенді сүйемелдеу жүйесін құру», – деп атап өтті Асқарбек Ертаев.

Жұмыс сапары аясында Министр, сондай-ақ, Қазақстан Республикасы ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің №32 мекемесіне барып қайтты. Бұл мекемеде жазасын өтеушілердің еңбек қызметі ұйымдастырылған. Өндірістік учаскелерде сотталған әйелдер тігін бұйымдарын тігумен, нан-тоқаш өнімдерін пісірумен және матрас жасаумен айналысады. Жазасын өтеу кезеңінде практикалық дағдыларды меңгеру алдағы дербес өмірге және бостандыққа шыққаннан кейін табысты жұмысқа орналасуға дайындықтың маңызды кезеңі ретінде қарастырылады.

Еңбек қызметіне қатысушылардың бірі Мәдина Кеңес кәсіптік білім алу мен еңбек етудің маңызы туралы Министрге айтып берді.

«Білім алу мен жұмыс істеу мүмкіндігі бізге бостандыққа шыққан соң кәдеге асатын жаңа дағдыларды меңгеруге септігін тигізеді. Мен үшін мамандық игеріп, дербес өмірге дайындала алатынымды сезіну өте маңызды», – деді ол.

Сонымен қатар, Қарағанды облысында 2026 жылғы 1 мамырдан бастап бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтарды әлеуметтік бейімдеу мен қайта әлеуметтендіру (ресоциализация) бойынша пилоттық жоба жүзеге асырылуда. Жоба шеңберінде ресоциализация бойынша мамандандырылған бөлім құрылды. Еңбек министрлігінің бастамасымен қолға алынған бұл бағытқа қылмыстық-атқару жүйесі органдары, пробация қызметі, мансап орталықтары мен отбасын қолдау орталықтары жұмылдырылған.

2026 жылдың басынан бері Қарағанды облысының мансап орталықтарына жұмысқа орналасуға жәрдемдесу үшін 329 адам жүгінді, оның ішінде 127-сі – бас бостандығынан айыру орындарынан босатылғандар, ал 202-сі – пробация қызметінің есебінде тұрған тұлғалар. Бүгінгі таңда олардың 178-і жұмысқа орналастырылды.

Азаматтармен жұмыс олар бостандыққа шыққанға дейін жүргізіледі. Мансап орталықтарының мамандары қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріне барып, қолжетімді бос жұмыс орындары мен кәсіптік білім алу мүмкіндіктері туралы хабардар етеді, сондай-ақ жұмыс берушілермен кездесулер ұйымдастырады. Жыл басынан бері өңірде 8 көшпелі кездесу, «Қақпа алдындағы кездесу» атты 3 іс-шара және 71 бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізілді.

Бостандыққа шыққаннан кейін сүйемелдеу мансап орталықтары арқылы жалғасады. Азаматтарға қолайлы бос орындарды таңдауға, кәсіптік оқудан өтуге және заңнамада көзделген жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің өзге де шараларын пайдалануға көмек көрсетіледі. Жұмыстың тағы бір маңызды бағыты – жұмыс орындарына квота белгілеу. 2026 жылға жергілікті атқарушы органдар тарапынан бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған азаматтарға – 990, ал пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарға 1 506 жұмыс орны көлемінде квота бекітілген. Екінші тоқсанның қорытындысы бойынша белгіленген квоталар шеңберінде тиісінше 326 және 1 171 адам еңбекпен қамтылды.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі осы санаттағы азаматтарды тиімді сүйемелдеу мемлекеттік органдардың, жұмыс берушілердің, мансап орталықтары мен пробация қызметтерінің өзара тығыз байланысын талап ететінін атап көрсетеді. Қарағанды облысының бұл тәжірибесі азаматтарды бостандыққа дейін және одан кейін еңбекке бейімдеу, кәсіптік даярлау мен жұмыспен қамтуға жәрдемдесу тетіктерін одан әрі жетілдіру барысында ескерілетін болады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/enbek/press/news/details/1280998?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді