
Білім беру ұйымдарының барлығында жаңа тамақтану стандарты сақталуға тиіс – ҚР ДСМ
2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап Қазақстанның білім беру ұйымдарында балалардың дұрыс әрі теңгерімді тамақтануына қатысты заманауи ұсынымдар негізінде әзірленген жаңа тамақтану стандарты қолданысқа енгізілді. Бұл туралы ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрайымы Сархат Бейсенова мәлімдеді.
Оның айтуынша, жаңа стандарт бойынша тағам құрамындағы қант мөлшері 3,6 есеге, ал тұз 5 есеге азайтылды. Сонымен қатар көкөніс, жеміс-жидек және сүт өнімдерінің үлесі арттырылды. Мәзірден шұжық өнімдері, ысталған тағамдар, спредтер, сондай-ақ құрамында қант пен тұзы жоғары өзге де өнімдер алынып тасталды. Құрамында қанты бар сусындар мен шырындардың орнына су, сүт, қышқыл сүт өнімдері және қанты аз басқа сусындар ұсынылады.
Негізгі мақсат – балалардың дұрыс тамақтану дағдысын қалыптастырып, семіздік, қант диабеті, жүрек-қан тамырлары және басқа да созылмалы аурулардың даму қаупін төмендету.
2025 жылы бейінді және халықаралық сарапшылармен бірлесіп, мектептерде бір реттік тамақтандыруға арналған бірнеше нұсқалы үлгілік мәзірлер әзірленді. Оларды жасау кезінде балалардың жасы, тағамның калория мөлшері және маусымдық ерекшеліктер ескерілді.
«Осы мәзірлердің негізінде 2025-2026 оқу жылында барлық өңірде перспективалық мәзірлер бекітілді. Бұл ретте тамақтану стандарты бір реттік шара емес, балалардың тамақтануын ұйымдастырудың тұрақты тәсілі екенін атап өткен жөн. Жаңа оқу жылында білім беру ұйымдарының барлығында оны мәзір әзірлеу, азық-түлік сатып алу, сақтау және дайындау кезінде мүлтіксіз әрі жүйелі түрде сақтау қажет. Белгіленген талаптарды тұрақты орындау ғана балалар рационын сауықтыруға және болашақта олардың денсаулық көрсеткіштеріне оң әсер етуге мүмкіндік береді», – деді спикер.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe-shalkar-shalkar/press/news/details/1282111?lang=ru

Жауап қалдыру