Қазақстандағы Шахтер күні: адамдар, технологиялар және нәтижелер

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Жыл сайын тамыздың соңғы жексенбісінде Қазақстанда құрметті де күрделі мамандық иелері – шахтерлер өздерінің кәсіби мерекесін атап өтеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша елімізде шахтерлерді жан-жақты қолдауға, еңбек қауіпсіздігін арттыруға және мамандықтың беделін көтеруге бағытталған жүйелі шаралар жүзеге асырылуда.

Әлеуметтік қолдау

Еліміздің тау-кен өндіру саласында 145 мыңнан астам адам еңбек етеді. Бұлар – жер асты шахталары, кеніштер мен ашық карьерлердегі жұмысшылар. Қарағанды, Павлодар және Абай облыстарындағы көмір өндіруші компанияларда 32 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Олардың қатарында «Karaganda Komir», «Богатырь Көмір», «ЕЭК» АҚ, «Шығыс» разрезі, «Шұбаркөл Көмір», «Қаражыра», «Майкүбен-Вест» және басқа да кәсіпорындар бар.

Шахтерлерді әлеуметтік қолдау аясында жасына және еңбек еткен жылдарына байланысты бұрын тағайындалған зейнетақылар 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап 10%-ға арттырылды. Сонымен қатар зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін қызметкерлер үшін 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап арнаулы әлеуметтік төлем енгізілді. Ол 55 жасқа толған және кемінде 84 ай міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын төлеген мамандарға беріледі. Қолдаудың қосымша шаралары кәсіпорындардың ұжымдық шарттарында көзделген. Олардың қатарында зиянды еңбек жағдайлары үшін үстемеақылар мен өтемақылар, қосымша демалыстар және басқа да кепілдіктер бар.

Мемлекет тарапынан сала ардагерлеріне де әлеуметтік қолдау шаралары мен жеңілдіктер ұсынылады. Олардың жалпы саны 13 мыңнан асады, оның ішінде 400-ден астамы «Шахтер даңқы» белгісінің толық кавалерлері.

Қауіпсіздік және өндірісті цифрландыру

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі кәсіпорындарда қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету бойынша жүйелі түрде шаралар қабылдап келеді. Төтенше жағдайлар министрлігімен бірлесе отырып, Жер қойнауын пайдаланушылардың өнеркәсіптік қауіпсіздік жүйелеріне инвестицияларды арттыру жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілді. 55 шахта мен кенішті тексеру қорытындысы бойынша қызметкерлердің орналасқан жерін анықтау және іздеу жүйелерімен жарақтандыруды немесе өнеркәсіптік қауіпсіздік құралдарын жаңғыртуды қажет ететін сегіз компанияның 10 нысаны анықталды. Үш компаниямен инвестиция бөлу жөнінде келісімге қол жеткізілді, тағы бес компания қажетті техникалық шешімдер мен жабдық жеткізушілерін анықтау жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жаңғырту және техникалық қайта жарақтандыру тұрғысынан баса назар аударуды қажет ететін тау-кен металлургия кешенінің 50 ірі кәсіпорнының тізімі түзілді. Мониторинг жүргізу үшін техникалық қайта жарақтандыруды бақылау картасы әзірленді. Бүгінде ТМК кәсіпорындары өндірісті жаңғырту, техникалық жай-күйін өз деңгейінде ұстау және өндіріс көлемін кеңейту бойынша тиісті шараларды жүзеге асырды. Оған салынған инвестициялардың жалпы көлемі 530 млрд теңгеден асты.

Атап айтқанда, Qarmet АҚ кәсіпорындарында жерасты мониторингі және қызметкерлерді позициялау жүйелері, сондай-ақ конвейерлік көліктегі автоматтандырылған өрт сөндіру жүйелері қолданылып, шахталарды цифрландыру жұмыстары жүргізілуде. Өндірістік циклді бір орталықтан бақылау, карьерлердің үшөлшемді модельдері мен цифрлық сыңарларын жасауға арналған ұшқышсыз ұшу аппараттары, өнеркәсіптік роботтандыру, жасанды интеллект және бейнеталдау енгізілуде. Барлық шешімдер тәуекелдерді басқару тиімділігін арттыруға бағытталған. Сонымен қатар Qarmet «Karaganda Komir» ЖШС жабдықтарын ауқымды түрде жаңартуды жалғастыруда. Жыл басынан бері кәсіпорындарға 758 бірлік жаңа жабдық жеткізілді, оның ішінде 8 үңгілеу комбайны, таспалы конвейерлер, электровоздар, қашықтан басқару жүйелері және басқа да жабдықтар бар. Шахталардағы барлық магистральдық таспалы конвейерлер заманауи өрт сөндіру жүйелерімен жабдықталған.

«Қазақмыстың» өнеркәсіптік қауіпсіздіктің кешенді бағдарламасы 2026-2031 жылдары тау-кен техникалары мен желдету жабдықтарын жаңартуды, сондай-ақ бірыңғай цифрлық қауіпсіздік контурын енгізуді көздейді. Оның құрамына жерасты радиобайланысы, қызметкерлер мен техниканы позициялау, автоматтандырылған медициналық бақылау, желдету мен газ ортасын мониторингілеу, геомеханикалық және сейсмикалық мониторинг, бейнеталдау және жасанды интеллект технологиялары кіреді.

ERG өнеркәсіптік қауіпсіздікті арттыруға және адам факторын азайтуға бағытталған цифрлық трансформация бағдарламасын жүзеге асыруда. Дөң тау-кен байыту комбинатының шахталарында қызметкерлер мен жерасты көлігін позициялау жүйесі енгізілді. Ол нақты уақыт режимінде жұмысшылар мен техниканың орналасқан жерін бақылауға, апаттар туралы қызметкерлерге жедел хабарлауға және авариялық-құтқару қызметтерінің әрекет ету уақытын қысқартуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар кәсіпорындарда оқиғаларды талдау және тәуекелдерді басқару үшін бірыңғай AI-платформа құрылуда, машиналық көру және бейнеталдау, техниканы қашықтан басқару, карьерлердің тұрақтылығын, желдету мен газ ортасын мониторингілеу технологиялары қолданылуда. Сондай-ақ карьер борттарының тұрақтылығын жоғары дәлдікпен георадарлық мониторингтеу, қауіпті аймақтарда адамның бар-жоғын анықтауға арналған жасанды интеллект, жүргізушілердің шаршағанын ескерту жүйелері, айналаны толық қамтитын камералар енгізілуде, өрт дабылы мен өрт сөндіру жүйелері жаңғыртылып, орталықтандырылуда және басқа да жұмыстар атқарылуда.

Осылайша, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстары шахталар мен кеніштерді техникалық қайта жарақтандыру, өндірістік үдерістерді цифрландыру және автоматтандыру арқылы кешенді түрде жүргізілуде.

 

Өндіріс һәм жоспарлар

2026 жылғы қаңтар-шілде айларының қорытындысы бойынша Қазақстандағы өнеркәсіптік өндіріс индексі 103,0%-ды құрады, 60,3 млн тонна көмір өндірілді. Темір кенін өндіру көлемі 31,24 млн тоннаны, мыс кенін өндіру – 89,72 млн тоннаны, құрамында алтыны бар кендерді өндіру – 23,35 млн тоннаны, хром кендерін өндіру – 4,07 млн тоннаны құрады. Саланың негізгі басымдықтары қатарында өнеркәсіптік қауіпсіздік, шахталарды цифрландыру, жабдықтарды жаңарту, шикізатты терең өңдеу, көмір химиясын дамыту, логистиканы жақсарту және жаңа кен орындарын игеру ісі бар.

Тау-кен секторы үшін перспективалы бағыттардың бірі – сирек және жерде сирек кездесетін металдарды игеру және өндірілетін шикізатты терең өңдеу ісін жолға қойып, оны одан әрі арттыру болып қала береді. Көмір өнеркәсібін дамыту бағытында өндіріс орындарының жұмысын жандандыру көзделуде. Сонымен қатар көмір химиясы өнеркәсібін дамыту бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Сала ардагерлері

Қазақстан кеншілерінің арасында ерлік пен еңбектің жарқын үлгісін көрсеткен тұлғалар аз емес. Осы орайда Қарағанды көмір бассейніндегі алғашқы стахановшылардың бірі Мағауия Рақышев, тау-кен инженері, Ұлы Отан соғысының ардагері, Социалистік Еңбек Ері, 26 жыл бойы Костенко атындағы шахтаны басқарған Николай Гульницкий, тәжірибелі үңгіушілердің бірі, 1975 жылы бригадасы бір айда шахтаның 200 метрден астам оқпанын үңгіп өтіп, бүкілодақтық рекорд орнатқан Афанасий Томнюк сынды еңбек майталмандарының есімдерін атап өту орынды.

Саланың дамуына өте тәжірибелі мынадай мамандар елеулі үлес қосты:

Төлеген Шаяхметов, көмір өндіру саласында 40 жылдан астам уақыт еңбек етіп келеді. Кәсіби еңбек жолын қарапайым шебер ретінде бастаған ол Qarmet компаниясының көмір бағыты бойынша өндіріс жөніндегі директоры лауазымына дейін көтерілді. «Құрмет» орденімен марапатталған.

Ералы Тауасаров, еңбек жолының 35 жылдан астам уақытын көмір өндіру саласына арнады. I, II және III дәрежелі «Шахтер даңқы» белгісінің толық кавалері, «Құрметті кенші» атағына ие.

Бауыржан Өтемісов – Дөң тау-кен байыту комбинатының директоры, тау-кен металлургия саласына 40 жылдан астам уақытын арнаған. «Құрмет» орденімен марапатталған.

Ербол Есетов – «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС «Батыс» кеніші №31 учаскесінің үңгіушісі. Салада 1996 жылдан бері еңбек етіп келеді. «Қазақстанның еңбек сіңірген кеншісі» құрметті атағын иеленген.

Аманкелді Сүйінтаев – өндірісті дамыту мен жаңғыртуға елеулі үлес қосты. «Құрмет» орденімен марапатталған, «Кенші даңқы» белгісінің толық кавалері, «Жыл кеншісі» атағына ие.

Наталия Филатова – жерасты көлігі учаскесінің №2 шахтаішілік көлік бөлімінің 5-разрядты көтергіш машина машинисі. Кәсіпорында 1994 жылдан бері еңбек етіп, салаға 30 жылдан астам уақытын арнаған.

Вячеслав Иванов – тау-кен саласында 40 жылдан астам еңбек өтілі бар жарушы және басқа да мамандар.

Құрметті шахтерлер, кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймыз! Сіздерге зор денсаулық, амандық, тыныштық және жаңа жетістіктер тілейміз!

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mps/press/news/details/1282393?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді