
Қарағанды облысында ауқымды «Солтүстік Қатпар» вольфрам жобасын практикалық тұрғыдан іске асыру ресми түрде басталды. Жоба Қазақстанда шикізатты өндіруден бастап, оны терең өңдеп, жоғары технологиялық өнім шығаруға дейінгі жаңа өндірістік тізбекті қалыптастыруға негіз болады.

Кен орнында дайындық жұмыстары екінші ай қатарынан жүріп жатыр. Қазіргі таңда өндірістік алаңдар жасақталып, кірме жолдар мен далалық инфрақұрылым нысандарының құрылысы жүргізілуде. Геодезиялық жұмыстар да қатар атқарылып жатыр.

Сонымен бірге жобаның түпкілікті техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленуде. Оны 2027 жылдың соңына дейін аяқтау көзделген.

– Бүгін Қарағанды облысы үшін де, бүкіл еліміз үшін де маңызы зор жобаға – әлемдегі ең ірі вольфрам кен орындарының бірі саналатын «Солтүстік Қатпар» және «Жоғарғы Қайрақты» кен орындарын игеруге бастау беріп отырмыз. Жоба шетелдік инвестициялардың келуіне жол ашып қана қоймай, Шет ауданының экономикалық дамуына да елеулі серпін береді. Кәсіпорын пайдалануға берілгеннен кейін 1200 жаңа жұмыс орны ашылады, – деді Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Шыңғыс Сүйінбаев.
Cove Kaz Capital Group компаниясының бас директоры Доминик Хитон инвестор алдына қойылған міндеттердің ауқымына тоқталды.

«Тау-Кен Самұрық» ҰТК» АҚ инвестициялар және стратегия жөніндегі бас директоры Данияр Ыдырысовтың айтуынша, серіктестер кен өндіруден бастап, металлургиялық қайта өңдеуге және қосылған құны жоғары вольфрам өнімдерін шығаруға дейінгі толық өндірістік циклді қалыптастыруды көздеп отыр.
Жоба халықаралық әріптестіктің нақты үлгісіне айналып, Қазақстанға инвестициялар мен озық технологияларды тартуға, сондай-ақ өнеркәсіптің жаңа бағыттарын дамытуға тың мүмкіндіктер ашуға тиіс.
Екі кен орнын игеруге және қажетті тау-кен өндірісі мен қайта өңдеу инфрақұрылымын құруға салынатын инвестицияның жалпы көлемі шамамен 1,1 млрд доллар деп бағаланып отыр.

Қолда бар бағалауларға сәйкес, екі кен орны жылына шамамен 12 мың тонна вольфрам өнімін өндіре алады. Бұл қазіргі әлемдік вольфрам өндірісінің шамамен 15 пайызына тең.
Жоба аясында кенді өндіру мен байытып қана қоймай, оны Қазақстан аумағында терең өңдеу көзделіп отыр. Осылайша, елімізде стратегиялық маңызы бар минералдар секторында шикізатты өндіруден бастап, жоғары қосылған құны бар дайын өнім шығаруға дейінгі жаңа өндірістік тізбек құрылады.
Қолданыстағы жоспарға сәйкес, негізгі құрылыс жұмыстары 2028 жылы басталуы мүмкін. Ал нысанды іске қосу-баптау жұмыстары 2029 жылы жүргізіледі деп жоспарланған.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/1282606?lang=ru

Жауап қалдыру