Үштөбе қаласында мал ұрлығының алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Жарияланды:

Автор:

категорияда

2026 жылғы 31 тамызда Үштөбе қаласының әкімі, қалалық ветеринариялық пункт меңгерушісі Ө. Байымқожанов және Үштөбе қаласы әкімі аппаратының бас маманы Ғ. Ұзақбай Үштөбе қалалық округінің тұрғындарымен кездесу өткізіп, мал ұрлығының алдын алу және малдың қараусыз жүруіне жол бермеу мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Кездесу барысында тұрғындарға малдарын қараусыз қалдырмай, бос көшеге және бақылаусыз жайылымға жібермеу қажеттігі түсіндірілді. Атап айтқанда, ірі қара малды таңертең табынға уақытылы қосып, кешкі уақытта табыннан күтіп алып, қораға қамап ұстау қажеттігі айтылды. Сондай-ақ жылқы мен ұсақ малды да қараусыз қалдырмай, белгіленген жайылым орындарында бағу керектігі ескертілді. Малдың қараусыз жүруі бірнеше қауіпке әкелуі мүмкін екені түсіндірілді. Атап айтқанда, мал ұрылардың қолына түсуі, жол-көлік оқиғасына себеп болуы немесе егістік алқаптарға кіріп, ауыл шаруашылығы дақылдарына зиян келтіруі ықтимал. Қазіргі кезде қараусыз қалған малды жаю фактісі анықталған жағдайда полиция қызметкерлері мен ветеринариялық инспекция өкілдері іс материалдарына тиісті растайтын құжаттарды қоса тіркей отырып, ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру базасы арқылы иелерін анықтау бойынша шаралар қабылдайды, ҚР ӘҚБтК 408 бабы бойынша айыппұл салынады. Қараусыз қалған мал арнайы қораларға орналастырылады, кейіннен иелеріне қайтарылады. Сонымен қатар, қалалық ветеринариялық пункт меңгерушісі Ө. Байымқожанов тұрғындарға малды ветеринариялық талаптарға сәйкес уақытылы сырғалау (бірдейлендіру) қажеттігін түсіндірді. Малдың сырғасы мен ветеринариялық құжаттарының болуы оның есебін жүргізуге, иесін анықтауға және жоғалған немесе ұрланған жағдайда малды табуға мүмкіндік беретін маңызды шаралардың бірі екені айтылды. Тұрғындарға малдарын тұрақты бақылауда ұстап, ветеринариялық іс-шараларды уақытылы жүргізу, мал басының есебін нақтылау және қауіпсіздік шараларын сақтау қажеттігі ескертілді. Кездесу соңында тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға жауаптар беріліп, мал ұрлығының, жол-көлік оқиғаларының және егістік алқаптарға келетін залалдың алдын алу әрбір мал иесінің жауапкершілігі екені атап өтілді.

Үштөбе қаласы әкімі аппараты.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-karatal-ushtobe/press/news/details/1283694?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді