
Білім күні БҚО Шыңғырлау ауданындағы Л. Қылышев атындағы мектеп оқушылары үшін ерекше жаңалықпен басталды. Білім ордасында “Жас сақшы” сыныбы ашылып, 16 оқушы оның алғашқы тәрбиеленушілері атанды.
Салтанатты шараға Батыс Қазақстан облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Қадыржан Сағын арнайы қатысып, жаңадан ашылған сыныптың тәрбиеленушілерімен кездесті.
– “Жас сақшы” сыныбы – жай ғана білім алатын орта емес, тәртіпті, жауапкершілікті, Отанды сүюді және елге қызмет етуді үйрететін маңызды мектеп. Сыныпқа есімі беріліп отырған Шәкіржан атамыздың өмір жолы – сендер үшін үлкен өнеге. Отанын қорғап, кейін ішкі істер органдарында ел тыныштығына қызмет еткен азаматтың есімін алып жүру – үлкен мәртебе әрі жауапкершілік. Осы сенімге лайық болып, жақсы оқып, елге пайдасы тиетін азамат болып өсіңдер, – деді ол жас сақшыларға.
Шара барысында оқушыларды “Жас сақшы” қатарына қабылдау және салтанатты уәде беру рәсімі өтті. Жас сақшылар тәртіпті сақтауға, білімге ұмтылуға, Отанын сүюге және елге адал қызмет етуге ант берді. Бұл – Батыс Қазақстан облысында ашылған жетінші “Жас сақшы” сыныбы. Мұнда оқушылардың құқықтық сауатын арттырумен қатар, олардың бойында патриоттық сезім, жауапкершілік, тәртіп және азаматтық ұстаным қалыптастыруға басымдық беріледі. Жаңа сыныпқа Ұлы Отан соғысының және ішкі істер органдарының ардагері, Шыңғырлау аудандық полиция бөлімінде ұзақ жылдар қызмет атқарған Шәкірдан Гайнутдиновтің есімі берілді. Шәкіржан Шамсутдинұлы Отан қорғап, кейінгі ғұмырын ел тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арнаған. Ол “Даңқ” және “Отан соғысы” медальдарының иегері. Салтанатты шараға арнайы келген ардагердің ұлы Яшнур Шәкіржанұлы әкесінің есімі берілген сыныптың ашылуына ризашылығын білдіріп, жас сақшыларға сәттілік тіледі. Енді ардагер есімі берілген бұл сынып жас ұрпаққа тәртіп пен отансүйгіштіктің, елге адал қызмет етудің үлгісін насихаттайтын маңызды ортаға айналмақ.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-zko/press/news/details/1283951?lang=ru

Жауап қалдыру