Ақтөбеде полиция қызметкерлері бірнеше интернет алаяқтық жасады деген күдікпен екі жергілікті тұрғынды ұстады.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында анықталғандай, күдіктілер танымал интернет платформада пәтерді жалға беру туралы хабарлама орналастырған. Алматы қаласынан «жалға берілетін» пәтердің фотосуреттерін жүктеп, қызықтырарлық баға ұсынған.
Жазғы демалыс кезінде Алматыға қыдырып бармақ болған бірнеше ақтөбелік осы жалған хабарламаның құрбаны болған. Қоңырау шалғандарға күдіктілер өздерін «пәтер иелері» ретінде таныстырған. Алдын ала төлемді талап етіп, 10 мыңнан бастап 55 мыңға дейінгі сомадағы төлемдер аудартқан. Ақшаны иеленгеннен кейін жәбірленушілермен байланысты тоқтатқан. Қазіргі уақытта төрт жәбірленуші анықталды.
Жедел-іздестіру шаралары барысында күдіктілердің Ақтөбе қаласының екені анықталды. Алаяқтық жасады деп күдікке ілінген 33 жастағы әйел мен 24 жастағы ер адамның туған әпкелі-інілі екені белгілі болды. Полиция бөліміне жеткізілген күдіктілер өз кінәларын мойындады. Алаяқтық дерегі бойынша қозғалған қылмыстық іс аясында тергеп-тексеру жалғасуда.
Ақтөбе облысының полиция департаменті азаматтарды онлайн платформаларда пәтерді ажалға алу кезінде сақ болуға және алдын ала төлем аудармауға шақырады. Алаяқтардан сақ болыңыз!
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-aktobe/press/news/details/1284571?lang=ru

Жауап қалдыру