
3 қыркүйекте Қазақстанда Қазақ тазысы мен төбеті күні алғаш рет аталып өтеді. Бұл дата 2024 жылы қазақ тазысының Халықаралық кинологиялық федерация (FCI) тарапынан алдын ала танылған күніне орай белгіленді.
2024 жылғы 3 қыркүйекте Амстердамда FCI қазақ тазысын алдын ала тану туралы шешім қабылдады. Тұқымға №372 халықаралық стандарт бекітіліп, Қазақстан оның шыққан елі ретінде танылды.
Қазақ тазысы ғасырлар бойы халқымыздың тұрмыс-тіршілігімен бірге жасасып, дәстүрлі аңшылықта пайдаланылған. Ұлттық тұқымды сақтау және оны халықаралық деңгейде таныту жұмыстары соңғы жылдары мемлекеттік деңгейде қолға алынды.
2022 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық тұқымды сақтау және оны халықаралық деңгейде таныту жөнінде міндет қойды. 2023 жылы осы бағыттағы заңнамалық негіз қалыптастырылды.
Маңызды кезең – Қазақстан кинологтар одағының Халықаралық кинологиялық федерацияға қосылуы болды. 2023 жылдың 22 тамызында Женевада өткен FCI Бас ассамблеясында қазақстандық ұйым толыққанды мүше мәртебесін алды. Дауыс беруге қатысқан 77 елдің жетпіс екеуі оның қосылуын қолдап дауыс берді.
Осыдан кейін Қазақстанға өзінің ұлттық тұқымын халықаралық мойындау үшін ресми түрде ұсыну мүмкіндігі берілді. 2024 жылдың наурыз айында Қазақ тазыларының құжаттама пакеті FCI-ге ұсынылып, Федерацияның Стандарттар комиссиясы мен Ғылыми комиссиясы қарады.
2024 жылдың мамыр айында Астанада арнайы көрме өтті, онда халықаралық сарапшыларға жасы, түсі, шығу тегі және түрі әрқилы 100 қазақ тазылары ұсынылды. FCI мамандары иттердің құрылымын, қозғалысын және тұқым түріне сәйкестігін бағалады.
Осы жұмыстың негізінде 2024 жылдың 3 қыркүйегінде FCI қазақ тазысына алдын ала мойындау беру туралы шешім шығарды.
2026 жылғы 20 ақпанда Үкімет қаулысымен Қазақы ит тұқымдарын сақтау және өсімін молайту жөніндегі 2026–2036 жылдарға арналған кешенді жоспар бекітілді. Құжат алдағы он жылда осы бағыттағы жұмыстарды мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдардың қатысуымен жалғастыруды көздейді.
3 қыркүйек – қазақ тазысының халықаралық деңгейде танылғанын айғақтайтын ғана емес, ұлттық тұқымды сақтап, келесі ұрпаққа жеткізудің маңызын еске салатын күн.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-rabat/press/news/details/1285153?lang=ru

Жауап қалдыру