
Жетісудағы өрт қауіпсіздігі: мұқтаж отбасылардың үйлеріне 2,5 мыңға жуық датчик орнатылды
Өңірде тұрғын үй секторындағы өрт қауіпсіздігін күшейту жұмыстары жалғасуда. Әсіресе әлеуметтік осал санаттағы отбасыларға ерекше көңіл бөлініп, олардың үйлеріне түтін мен газды анықтайтын датчиктер орнатылуда. Бұл құрылғылар қауіпті жағдайды ерте анықтап, дер кезінде әрекет етуге мүмкіндік береді.
2025–2026 жылдардағы жылыту маусымында ТЖД қызметкерлері полиция және еріктілермен бірлесіп, 131 мың үйді тексерді. Алдын алу шаралары аясында мұқтаж отбасылардың үйлеріне 2 463 түтін және газ датчигі орнатылды.
Профилактикалық жұмыстардың нәтижесінде өткен жылыту маусымында өңірдегі өрт саны 26%-ға, ал қаза тапқандар саны 35,7%-ға азайған.
Қазір облыста жаңа жылыту маусымына дайындық жұмыстары жүргізілуде. 15 тамыздан 1 қазанға дейін «Өрт қауіпсіздігі айлығы» өтуде. Оның аясында профилактикалық рейдтер ұйымдастырылып, тұрғын үйлер тексеріліп, әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға атаулы көмек көрсетілуде.
Сонымен қатар мұқтаж отбасыларға газ талдағыштарды тегін орнату көлемі айқындалуда. Жүргізіліп жатқан шаралар тұрғындардың қауіпсіздігін арттыруға және жылыту кезеңіндегі төтенше жағдайлардың алдын алуға бағытталған.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-alakol/press/news/details/1285367?lang=ru

Жауап қалдыру