
Ақмола облысының білім беру жүйесі цифрлық дамудың жаңа деңгейіне біртіндеп көшіп келеді. Бүгінде заманауи технологиялар білім сапасын арттырумен қатар, қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыруға, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және мектеп инфрақұрылымын тиімді басқаруға мүмкіндік беріп отыр.
Цифрлық трансформацияның негізгі бағыттарының бірі — білім алушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Қазақстан Республикасының заңнамасы талаптарына сәйкес мектептердегі бейнебақылау жүйелерін Ұлттық бейнемониторинг жүйесімен интеграциялау және бейнеағынды Ақмола облысының Полиция департаментінің басқару пультіне шығару бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Облыс аумағында террористік тұрғыдан осал нысандар санатына 460 білім беру ұйымы жатады. Қауіпсіздік пен бақылауды қамтамасыз ету мақсатында аталған нысандарда 17 мыңнан астам бейнебақылау камерасы орнатылған. Оның ішінде 10 576-сы цифрлық, 6 919-ы аналогтық камералар.
Маңызды кезеңдердің бірі — бейнебақылау камераларын бұлтты бейнебақылау жүйесіне қосу болды. 2025 жылдың қыркүйек-желтоқсан айлары аралығында «Қазақтелеком» АҚ 3 300 камераны аталған жүйеге қосты. 2026 жылы бұл бағыттағы жұмыстар жалғасып, қосымша 5 800 камераға дейін қосу жоспарлануда.
Ақмола облысының білім беру саласындағы цифрлық трансформация — тек оқу процесінде заманауи технологияларды енгізу ғана емес. Оның басты мақсаты — цифрлық шешімдерді тиімді пайдалана отырып, білім сапасын арттыруға, мектеп инфрақұрылымын жетілдіруге және ең бастысы, балалар үшін қауіпсіз әрі қолайлы білім беру ортасын қалыптастыруға жағдай жасау.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola-edu/press/news/details/1285550?lang=ru

Жауап қалдыру