
Сарыағаш ауданында елді мекендер арасындағы көлік қатынасын жақсарту және жол қозғалысының қауіпсіздігін арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Осы ретте, Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев Дербісек ауылдық округіне арнайы барып, аудандық маңызы бар автомобиль жолының орташа жөндеу жұмыстарының барысын бақылауға алды.
Аудан басшысы жолдың жөнделіп жатқан бөлігін аралап, орындалып жатқан жұмыстардың сапасын зерделеді. Сонымен қатар асфальт төсеу жұмыстарының технологиялық талаптарға сәйкестігіне және құрылыс қарқынына назар аударды. Мердігер ұйым өкілдеріне жол жөндеу кезінде белгіленген құрылыс нормалары мен техникалық талаптардың толық сақталуын қамтамасыз етуді тапсырды. Сондай-ақ жұмысты сапалы орындап, нысанды белгіленген мерзімде пайдалануға берудің маңыздылығын атап өтті.
Жөндеу жұмыстарының барысын тұрақты бақылауда ұстау, орындалған жұмыстардың сапасын тексеру және анықталған кемшіліктерді жедел түрде жою ауданның жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қанат Тұрсынбаевқа тапсырылды.
Дербісек ауылдық округі аумағындағы КХСГ-7 «Дербісек–КХ-49-А-2» аудандық маңызы бар автомобиль жолының 4,8 шақырым учаскесіне орташа жөндеу жүргізілуде. Қазіргі таңда жолдың 3,5 шақырым бөлігіне асфальт төселді. Қалған 1,8 шақырым бөлігінде тиісті жұмыстар атқарылуда. Бұған қоса асфальт жабыны төселген жол учаскелерінде жиектерді қалыптастыру, тегістеу және нығыздау жұмыстары жүргізілуде.
Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-saryagash/press/news/details/1285559?lang=ru

Жауап қалдыру