
Аққулы ауданында жаңа оқу жылы қарсаңында жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігіне, әсіресе ең кішкентай оқушыларға ерекше көңіл бөлінді. Бірінші сынып оқушылары үшін «Үй – мектеп – үй» қағидаты бойынша қауіпсіз маршрут әзірленді.
Маршрутты әзірлеу барысында тұрғын үйлердің, мектептің, қоғамдық көлік аялдамаларының орналасуы және көлік қозғалысы қарқынды учаскелер ескерілді. Нәтижесінде балалар үшін қауіп төндіруі мүмкін 5 негізгі учаске анықталып, 8 жол белгісі орнатылды. Сонымен қатар балаларға жолдан қауіпсіз өту үшін 2 жаяу жүргіншілер өткелі белгіленді.
Мектеп маңындағы жол қауіпсіздігіне ерекше назар аударылды. Жаяу жүргіншілер өткелдерінің жағдайы тексеріліп, жол белгілері мен таңбалардың талапқа сай болуы бақылауға алынды. Жүргізушілерге білім беру ұйымдарының маңында жылдамдықты төмендетіп, балаларға барынша мұқият болу қажеттігі ескертілді.
Профилактикалық жұмыстар аясында полиция қызметкерлері мен педагогтер 4 ақпараттық іс-шара өткізіп, оған шамамен 120 оқушы мен ата-ана қатысты. Бірінші сынып оқушыларына жолды белгіленген жерден кесіп өту, жол белгілерін сақтау және көшеде өзін қауіпсіз ұстау ережелері түсіндірілді.
Ата-аналарға баласымен бірге мектепке баратын қауіпсіз маршрутты алдын ала бірнеше рет жүріп өту ұсынылады. Бұл балаға жол белгілерін, жаяу жүргіншілер өткелдерін және қауіпті учаскелерді есте сақтауға көмектеседі.
Баланың қауіпсіздігі – баршамызға ортақ міндет. Ата-аналар, педагогтер, полиция қызметкерлері мен тұрғындардың бірлескен жұмысы Аққулы ауданындағы әрбір оқушының мектепке қауіпсіз барып-қайтуына мүмкіндік береді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/pavlodar-edu/press/news/details/1285979?lang=ru

Жауап қалдыру