ТҮРКІСТАНДА ТІЛ МӘРТЕБЕСІН ҰЛЫҚТАҒАН МЕРЕКЕЛІК ІС-ШАРА ӨТТІ

Жарияланды:

Автор:

категорияда
Түркістан төрінде тілдің қадірін ұлықтап, достық пен бірлікті дәріптеген тағылымды іс-шара өтті.
5 қыркүйек – Қазақстан халқының тілдері күніне орай Түркістан облыстық «Қоғамдық келісім» КММ мен Түркістан қаласы әкімдігінің бірлесіп ұйымдастыруымен «Тілім – тұғырым» атты мерекелік мәдени іс-шара ұйымдастырылды.
«Достық үйінде» өткен басқосуға мемлекеттік органдардың өкілдері, этномәдени бірлестіктердің мүшелері, жастар, зиялы қауым өкілдері мен қала тұрғындары қатысты.
Шараның ашылуында Түркістан облыстық «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Эльмира Жанғазиева мен Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Мадияр Әліпов құттықтау сөз сөйлеп, тілге құрмет – елге құрмет екенін атап өтті.
📖 Мерекелік бағдарлама барысында жастар қазақ тілінің қасиеті мен қадірін жырлаған Мағжан Жұмабаевтың «Қазақ тілі», Мұқағали Мақатаевтың «Үш бақытым», Мұзафар Әлімбаевтың «Ана тілі», Қадыр Мырза Әлидің «Ана тілің – арың бұл» шығармаларын мәнерлеп оқып, көрерменге ерекше әсер сыйлады.
Сонымен қатар этномәдени бірлестіктер өкілдері ана тілін сақтау мен дамыту, тіл әралуандығы және көптілді қоғамдағы өзара құрметтің маңызы жөнінде ой бөлісті.
🎶 Шараның көркемдік бөлігінде «Самғау» тобының «Өрлеу» биі, Жазира Сабированың «Қазақстаным» әні, «Достық» дуэтінің «Қардошлар» әні, «Карабах» ән тобының қазақ және әзірбайжан тілдеріндегі «Жаса, менің халқым» әні және түрік тіліндегі музыкалық шығармалар орындалды.
🏆 Мерекелік шара аясында тілдерді дамыту мен насихаттауға, мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыруға үлес қосып жүрген азаматтар Түркістан облысы әкімінің орынбасары, Түркістан қаласының әкімі және Түркістан облыстық «Қоғамдық келісім» мекемесі басшысының атынан Алғыс хаттарымен марапатталды.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/1286257?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді