
15-18 қыркүйек аралығында Қырғыз Республикасында Қазақстан медицинасы күндері өтеді. Іс-шара шеңберінде практикалық денсаулық сақтау саласындағы, оның ішінде кардиология, онкология, акушерия және гинекология, педиатрия мен травматология бағыттарында, сондай-ақ ғылыми әзірлемелер бойынша тәжірибе алмасу жоспарланған.
«Қазақстан медицинасы күндері – дәрігерлердің нақты жұмысы арқылы еліміздің денсаулық сақтау жүйесінің әлеуетін таныстыруға мүмкіндік беретін маңызды алаң. Мұндай өзара іс-қимыл кәсіби байланыстарды нығайтып, Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы денсаулық сақтау саласындағы дәстүрлі әрі тығыз ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ықпал етеді», – деп атап өтті Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау вице-министрі, делегация басшысы Манас Рамазанов.
Алғашқы күннен бастап қазақстандық дәрігерлер шалғай елді мекендердің тұрғындарына консультациялар жүргізіп, медициналық тексерулерден өткізуде.
Іс-шараның бірінші күнінде 16 қазақстандық маман Васильевка және Хун-Чи ауылдарының тұрғындарын қабылдай бастады. Тұрғындарды тексеру үшін Алматы облысы Қырғызстанға заманауи диагностикалық құрал-жабдықтармен жарақтандырылған үш жылжымалы медициналық кешен жіберді.
Қырғызстанда Қазақстан медицинасы күндерінің өткізілуі денсаулық сақтау саласындағы достас мемлекеттердің арасындағы стратегиялық әріптестікті нығайту жолындағы тағы бір маңызды қадам болды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl-densaulyk/press/news/details/1292108?lang=ru

Жауап қалдыру