Бала қауіпсіздігі – басты назарда

Жарияланды:

Автор:

категорияда

2026 жылғы 17 қыркүйекте Батыс Қазақстан облысының білім басқармасы мен дін істері басқармасының бірлескен ұйымдастыруымен «Бала қауіпсіздігі – басты назарда» тақырыбында кездесу өтті.

Іс-шараның негізгі мақсаты – білім беру ұйымдарында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жасөспірімдер арасында деструктивті діни идеологиялардың таралуының алдын алу, сондай-ақ білім беру ұйымдары мен тиісті мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимылды нығайту.

Кездесу аясында Дін мәселелерін зерттеу орталығы басшысының орынбасары А. Бабаханов педагогтер мен мектеп әкімшілігінің өкілдеріне арналған арнайы семинар өткізді.

Семинар барысында «Рухани иммунитет – тұлғалық деградацияның алдын алу» тақырыбы кеңінен талқыланды. Атап айтқанда, жасөспірімдердің дүниетанымына кері әсер етуі мүмкін деструктивті идеялар мен ақпараттарды ерте анықтау және олардың алдын алу, оқушылардың сыни ойлау қабілетін дамыту, сондай-ақ рухани-адамгершілік құндылықтарды қалыптастыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Сонымен қатар қазіргі ақпараттық кеңістікте, оның ішінде әлеуметтік желілерде таралатын күмәнді діни мазмұндағы материалдардың жастарға ықпалы, мұндай ақпараттарды ажырату жолдары және оқушылармен профилактикалық жұмысты тиімді ұйымдастыру мәселелері түсіндірілді.

Мамандар бала мінез-құлқындағы, қызығушылықтары мен әлеуметтік ортасындағы өзгерістерді дер кезінде байқап, қажет болған жағдайда ата-ана, педагог және тиісті мамандар арасында жүйелі әрі тиімді байланыс орнатудың маңыздылығын атап өтті.

Кездесу барысында білім беру ұйымдарындағы профилактикалық жұмыстың тиімділігін арттыру, балалар мен жасөспірімдер үшін қауіпсіз ақпараттық орта қалыптастыру, сондай-ақ туындаған мәселелер бойынша тиісті мамандармен бірлесіп әрекет ету бағыттары қарастырылды.

Іс-шара соңында қатысушылар өзекті мәселелер бойынша пікір алмасып, тәжірибеде кездесетін жағдайларға қатысты сұрақтарын қойды. Мамандар тарапынан қойылған сұрақтарға тиісті түсіндірмелер мен ұсыныстар берілді.

Аталған кездесу балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы ведомствоаралық өзара іс-қимылды нығайтуға және білім беру ұйымдарында деструктивті идеологиялардың алдын алуға бағытталған жүйелі профилактикалық жұмысты одан әрі жетілдіруге мүмкіндік берді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/bko-din/press/news/details/1294133?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді