
Алматы қаласында «Қазақстан балалары» ұлттық бағдарламасы аясында балалардың құқықтарын қорғауға, отбасы институтын нығайтуға және әйелдер денсаулығына арналған Ашық есік күні өтті.
Маңызды іс-шараны «Әділет» партиясының Алматы қалалық филиалы мен оның Әйелдер қанаты және Алматы қаласы Балалардың құқықтарын қорғау басқармасы бірлесіп өткізді.
Тақырыптық қабылдау барысында балалардың қауіпсіздігі, әлеуметтік және медициналық қызметтер алу тәртібі, мемлекеттік органдарға жүгіну тетіктері мен отбасыларға көмек көрсету мәселелері қаралды.
Іс-шараға партияның Әйелдер қанатының төрағасы Алтынай Кобеева, Алматы қаласы Балалардың құқықтарын қорғау басқармасының басшысы Жанат Айтпаева, Алматы қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының «Алматы қаласының Отбасын қолдау орталығы» КММ директоры Ақмолжан Зарипов және Алматы қаласы Жергілікті полиция қызметі басқармасының ювеналды полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Жанна Шонжанова қатысты.
Ашық диалог форматында өткен қабылдауда тұрғындардың әрбір өтініші жеке қаралып, жергілікті және мемлекеттік деңгейде шешімді талап ететін сұрақтар бойынша заңнамалық түсіндірулер берілді.
Жиын барысында Алматы қаласы Балалардың құқықтарын қорғау басқармасының басшысы Жанат Айтпаева: «Балалардың заңды мүдделерін қорғау – біздің басқарманың негізгі міндеті. Мемлекеттік органдар, қоғамдық ұйымдар мен білім беру, әлеуметтік және медицина саласы мамандарының бірлескен жұмысы әрбір отбасының мәселесін дер кезінде анықтап, оларды тиімді шешуге мүмкіндік береді. Біз әрбір баланың қауіпсіз де жайлы ортада өсуін қамтамасыз ету бағытындағы жүйелі жұмыстарды белсенді жалғастырамыз», – деп атап өтті.
Кездесу қорытындысы бойынша көтерілген барлық мәселелер назарға алынып, құзыретті мемлекеттік органдармен бірлесіп одан әрі пысықталатын болады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty-bala/press/news/details/1294781?lang=ru

Жауап қалдыру