
Өскемен қаласында Қазақстанның барлық өңірінен жиналған 200-ге жуық оқушы бас қосып, шешендік өнері мен дәлел келтіру шеберлігін сынға салды. Ақмола облысының намысын Атбасар қаласының «Ловлю на слове» командасы қорғап, республикалық пікірсайыс турнирінің финалына жолдама алды. Жарыс қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі үш лига бойынша ұйымдастырылды. Әр тілдік лигада 20-дан астам команда өзара бақ сынады.
Ақмола облысының намысын Атбасар қаласының «Ловлю на слове» командасы қорғады. Команда құрамында Кемаль Шамилов, Максим Гаранин және Дильназ Қайниденова өнер көрсетті.
Турнирдің іріктеу кезеңдерінен бастап ақмолалық пікірсайысшылар өздерінің тыңғылықты дайындығы мен жоғары деңгейдегі шеберлігін көрсетті. Команда іріктеу кезеңдеріндегі қарсыластарының барлығын жеңіп, жарыстың шешуші кезеңіне дейін жетті. Нәтижесінде «Ловлю на слове» командасы республикалық турнирдің финалисті атанды. Бұл жетістіктің артында үздіксіз дайындық, өздігінен білім алу, кітап оқу, сөйлеу мәдениетін жетілдіру, мықты аргумент қалыптастыру және қарсыластың пікірін тыңдай білу секілді күнделікті еңбектің нәтижесі жатыр.
Турнирдегі тағы бір айтулы жетістік — команда мүшесі Дильназ Қайниденованың «Қазақстан Республикасының үздік спикері» атануы.
Бүгінде 11-сыныпта білім алып жүрген Дильназ үшін бұл марапат оның пікірсайыс жолындағы маңызды жетістіктерінің бірі болды. Ол өз мақсатына жүйелі түрде ұмтылып, республикалық деңгейдегі додада өзінің шешендік қабілетін тағы бір мәрте дәлелдеді.
«Республикалық турнирде мен командамен бірге болып, бәрін өз көзіммен көрдім: раундтар алдындағы толқуды, қызу дайындықты, жеңістің қуанышын, шаршауды, уайымды және әрі қарай жүруге деген зор ынтаны. Менің ойымша, пікірсайыста басты рөлдердің бірін дәл осы ынта атқарады. Балада нақты мақсат болса, оған жетудің мың мүмкіндігін табады. Ал ниет болмаса, тоқтаудың мың себебі табылады», — деді команда жетекшісі Ольга Шульгина.
«Ловлю на слове» командасының жетістігі — қатысушылардың жеке шеберлігінің ғана емес, сонымен қатар командалық жұмыстың, тәртіптің, табандылықтың және үнемі ізденудің нәтижесі.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola-edu/press/news/details/1297866?lang=ru

Жауап қалдыру