
2026 жылғы 21–25 қыркүйек аралығында Қазақстанда АҚШ Федералдық авиация әкімшілігі (FAA) тарапынан ұшу қауіпсіздігін халықаралық бағалау (IASA) жүргізілді. Америкалық сарапшылардың сапары ҚР Көлік вице-министрі Талғат Ластаевпен өткен кеңестен басталды.
Бағалау ұшу қауіпсіздігін мемлекеттік қадағалау жүйесіне қатысты жүргізіліп, Қазақстанның авиациялық билігінің ИКАО-ның қолданыстағы стандарттары мен ұсынылатын тәжірибесіне сәйкестігін анықтауға бағытталды.
IASA шеңберінде FAA сарапшылары авиациялық заңнаманы, заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілерді, сондай-ақ мемлекеттің ИКАО талаптарына сәйкес ұшу қауіпсіздігін қадағалауды жүзеге асыру мүмкіндігін қарастырды.
24 қыркүйекте FAA тобы Астана қаласында Air Astana әуе компаниясына да жұмыс сапарымен барып, бағалау жүргізді. Air Astana қазіргі уақытта АҚШ Көлік министрлігінің (U.S. Department of Transportation, DOT) АҚШ-қа рейстер орындауға арналған экономикалық рұқсатын алуға өтініш беруші болып табылады. Бұл сапар барлық қатысушы ұйымдар үшін өзара пайдалы және оң тәжірибе болды.
25 қыркүйекте қорытынды ауызша брифинг өтіп, онда FAA сарапшылары Қазақстандағы бағалаудың алдын ала нәтижелерін таныстырды.
Бағалау қорытындысы бойынша америкалық сарапшылар Қазақстанның авиациялық билігі тарапынан ауқымды жұмыс атқарылғанын атап өтті. Алдын ала нәтижелерге тоқталған сарапшылар бірқатар бағыттар бойынша жақсы көрсеткіштерді ерекше атап, бұл Қазақстанның ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы елеулі нәтижелерін және жоғары саяси ерік-жігерін көрсететінін айтты.
IASA рәсіміне сәйкес, келесі кезеңде FAA елдің авиациялық билігіне ресми хабарлама жібереді. Одан кейін түзету шараларын талқылау мақсатында қорытынды консультациялар өткізу көзделеді. Осы кезең аяқталғаннан кейін FAA Қазақстанға Category 1 мәртебесін беру мәселесі бойынша шешім қабылдайды.
Category 1 мәртебесін алу қазақстандық әуе тасымалдаушылардың АҚШ-пен тікелей әуе қатынасын ашу үшін қажетті рәсімдерден өтуіне реттеушілік негіз қалыптастырады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/transport/press/news/details/1299778?lang=ru

Жауап қалдыру